БілімБалалар

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияны 16 түлек тәмамдады

Сыңғырла, соңғы қоңырау! Бүгін еліміздің барлық мектебінде оқу жылы ресми түрде аяқталды. Салтанатты сап түзеу шарасы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда тура сағат 10-да бастау алды. Бұл білім ошағын биыл 20-ға тарта жас тәмамдап отыр.

КҮЛТАЙ МҰҚАНОВА, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры:

– Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда оқу жылын 496 оқушы аяқтады. Оның 16-сы – түлек. Түлектердің біреуі – “Алтын белгіге” үміткер. Қазір дайындалып жатыр. Түлектерге сәттілік тілейміз!

Қара шаңыраққа тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы отырған жастардың жүзінен қимастық сезімі байқалады. Ол түсінікті. Бұл жерде әрқайсысы дос тапты, білім нәрімен сусындады. Арттарында талай жыл тәлім берген ұстаздары, ізбасар іні-қарындастары қалып барады. Түлектер алғыстарын әнмен жеткізді.

Түлектер биі салтанатты шараға ерекше сән берді. Әуезді музыкаға тербеле билеген жастарға жиналған қауым қызыға қарады.

Міне, мектеппен қоштасар сәт те келіп жетті. Білім табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді жетектей ортаға шыққан түлектер қоңырауды сыңғырлатты.

Қоңырау соққан түлектің бірі – Жансая Жақыпова. Бойжеткеннің арманы асқақ. Ол болашақта дәрігер болғысы келеді.

ЖАНСАЯ ЖАҚЫПОВА, түлек:

– Мұндай сәт өмірімізде бір-ақ рет болады. Өткен күндерді сағынатын боламын. Болашақта медициналық университетке оқуға түскім келеді. Мені қолдаған ұстаздар мен ата-анама алғысымды білдіремін.

Түлектердің бойын түрлі сезім билесе, ал жастарды құттықтауға келген жақындарының кеудесін мақтаныш кернеп тұр. Олар ұл-қыздарына, немерелеріне ақ тілектерін білдіруде.

– Менің тұңғыш немерем мектеп бітірді. Жолдары ашық болсын!
– Балам мектеп бітіріп жатыр. Мектеп ұжымына алғыс білдіреміз.
– Жастарға ақ жол тілеймін! Қалаған оқуларына түссін!

Қоса кетейік, бүгін Солтүстік Қазақстан облысында 3300-ден астам жас мектеп тәмамдады. Оның 109-ы – “Алтын белгіге” үміткер.

 

Байболат Култанов