Қоғам

Оқушылар арасында «Қауіпсіз дөңгелек» жарысы өтті

«Қауіпсіз дөңгелек». Облыс орталығында мектеп оқушылары арасында осындай атаумен жарыс өтті. Оған жол жүру ережелерін жақсы білемін деген ұл-қыздар қатысты. Аудандардан келгендер де бар. Балалар саптық дайындықтан өтіп, волосипедті жүргізу тәртібін көрсетті. Жарысқа 150-ден астам бала қатысты. Балалардың үміттері ақталды. Тимирязевтықтар жарыстың жеңімпазы атанды. М.Жұмабаев ауданының жастары – 2-ші, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушылары 3-ші орын иеленді.

АРТУР РУДИЙ, Докучаево орта мектебінің оқушысы, Тимирязев ауданы:

– Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып жатырмын. Барынша дайындалып келдік. Сайыстары қиындау болды. Бірақ, соған қарамастан 1-ші орын алдық.

Жол ережесін жақсы білетін жастарды тәртіп сақшылары өз араларында жас қозғалыс инпекторлары деп атайды. Жеткіншектер қауіпсіздік қағидаларын өздері ғана біліп қоймай, өзге де ұл-қыздарға үйретеді.

АЗАМАТ ЖАМҰҚОВ, СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Қазіргі жастар – ертеңгі мамандар. Жол жүру қағидаларын жақсы білетін оқушылар келешекте
полиция қызметкері болып қызметке тұруы мүмкін. Жас қозғалыс инспекторлары бастауыш сынып оқушыларына жол ережелерін үйретеді.

Жарыс жеңімпаздарына «Бурабай» демалыс аймағында тегін демалуға мүмкіндік беретін жолдама табыс етілді. Олар, сондай-ақ, республикалық жарыста облыс намысын қорғайды.

 

Гульден Симбаева