СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі балаларды мерекемен құттықтады

Петропавлдағы «Арман» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1999 жылы ашылған. Қазіргі уақытта бұл орталықта 6-18 жас аралығындағы 12 тәрбиеленуші бар. Оларға барлық тиісті оңалту қызметтері көрсетіледі. Балалар қаладағы нөмір 13-ші орта мектебінде инклюзивті білім алады. Оқу орнына алып баратын арнайы автобус бөлінген.

ТАТЬЯНА ЛУЗАКОВА, «АРМАН» әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:

– Балалар осы орталықта тұрады. Демалыс күндері ата-аналары үйлеріне алып кетеді. 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетіледі. 7 ұл, 5 қызға медициналық көмек көрсетіліп, массаж жасалады, жаттығу терапиясы бар, бассейнге түседі, атпен де серуендеуге мүмкіндік жасалған. Балалардың барлығы өте өнерлі. Республикалық сайыстардан да жүлделі орындармен оралған.

«Арман» орталығының тәрбиеленушілерін халықаралық балаларды қорғау күнімен облыс әкімі Айдарбек Сапаров арнайы құттықтап келді. Мерекеге орай орталыққа аймақ басшысы сенсорлы бөлмеге арналған теледидар сыйлады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай біз балаларды қорғауымыз керек. Себебі, сіздер – біздің болашағымызсыздар. Сондықтан, біз әрқашан сіздерге көмектесуге дайынбыз. Қазіргі уақыта өңірдегі білім сапасын жақсырту үшін қомақты қаражат бөліп жатырмыз. Мұның барлығы – балалардың түрлі бағытта дамуы үшін жасалынып жатқан шаралар. Ең бастысы, дендерің сау болсын. Сабақтарыңды жақсы оқыңдар.

Орталық тәрбиеленушілерінің бірі – Сымбат Дуйшанбе. №13 мектепте 6-сыныпты аяқтаған. Бұл орталыққа 6 жасында келіпті. Сымбат бос уақытында вокал үйірмесіне қатысады. Сондай-ақ, ол – көптеген облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы. Жасөспірім қызға облыс әкімі сәттілік тілеп, мерекесімен құттықтады.

Қазіргі уақытта облыста 9 медициналық-әлеуметтік мекеме бар. Оның 3-еуі облыс орталығында орналасқан. Жалпы, өңірде 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Ал 2 мыңнан астам баланың тірек-қимыл аппараты бұзылған.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Петропавлда «Арман» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан басқа психоневрологиялық аурумен ауыратын балаларды емдеу орталығы және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін оңалту орталығы бар. Оларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіледі және оңалту орталықтарында күндізгі стационар жұмыс істейді. Ата-аналары балаларын оңалту мекемесіне әкеліп, барлық қажетті емді қабылдай алады.

«Арман» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының сөзінше, балаларға арналған автобус ескірген. Мұны естіген Айдарбек Сапаров жаңа оқу жылына орай бұл орталыққа су жаңа арнайы автокөлікке бюджеттен қаражат бөлеуге уәде етті.

 

Самал Жунусова