Балалар

Халықаралық балаларды қорғау күні Қызылжар ауданында аталып өтті

Халықаралық балаларды қорғау күні Қызылжар ауданында кең көлемде аталып өтті. Бескөл ауылының орталық алаңына ұл-қыздар көптеп жиналды. Бәрі мәз-мейрам. Жаз алғашқы күнінде тойланатын бұл мерекені әр бүлдіршін асыға күтеді.

Мұнда бүгін мерекеге толы атмосфера. Балаларға қызыққа толы бағдарлама ұсынылды. Ән мен би де бар. Сурет салуға да болады. Қаласа, спорттық ойындарға қатысады.
Мәселен, мына жерде мыстан кемпір балаларды сиқырлап тастаған екен. Сиқырдың күшін жою үшін балалар сызықты баспай секіріп өтулері керек.

– Маған жүгіргеніміз ұнады. Себебі, жүгіргенде спортпен шұғылданасың. Балалар, сендерді мерекемен құттықтаймын.
– Мен бұл мерекені жылда асыға күтемін. Достарыммен түрлі ойындар ойнадық. Бүгінгі күн керемет өтіп жатыр.
– Маған сурет салған ұнайды. Қазір үйді бейнелеп жатырмын. Сосын оны маркермен бояймын.

Жалпы, Қызылжар ауданында балалар үшін көп дүние жасалуда. Соңғы бес жыл ішінде көптеген спорт алаңы мен әткеншектер орнатылды. Қазіргі уақытта ауданда 15 спорт және 20-дан астам ойын алаңы бар.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Халықаралық балаларды қорғау күні аясында біз аудан бойынша тағы 11 ойын алаңын ашқалы жатырмыз. Олар шағын ауылдарда орналасқан.

Жаңа ойын алаңы пайда болған ауылдардың бірі – Вознесенка елді мекені. Мұнда заманауи әткеншектер, төбешік пен өзге де аттракциондар бар.

Жаңа алаң балалардың көңілінен шықты. Шат-шадыман күйдегі ұл-қыздар әткеншектерден бір еліге де ұзар емес.

– Маған төбешіктен сырғанаған қатты ұнады. Бұрын мектептегі ойын алаңына баратынбыз, енді үйге жақын жерде ойнаймыз.
– Бүгін достарымызбен көп жүгірдік, секірдік, әткеншек тептік. Осындай алаңның пайда болғанына қуаныштымын.
– Әткеншектер ерекше ұнады. Әдемі етіп жасалған. Жаз бойы уақытымызды осында өткіземіз.

Бұл әткеншектерді орнату үшін аудандық бюджеттен 920 мың теңге бөлініпті. Айта кетейік, Вознесенка ауылында 280 үй түтін түтетіп отыр. Бала саны 80-ге жуықтайды.

 

Самал Жунусова