Балалар

Басты алаңдағы мереке

Басты алаң, асыр салып ойнаған ұл-қыздар мен мерекелік концерт. Тұңғыш Президент саябағында да балаларды қорғау күні аталып өтілуде. Мұнда түрлі қызықты сайыстар ұйымдастырылған. Алаңның бір жағында арқан тартыс, асық ату жарысы өткізіліп жатса, мына жақта бүлдіршіндер көңілді көпсайыста сынға түсуде. Ұл-қыздарды ата-әжелері мен ата-аналары қыдыртып жүр.

– Немерелерді ойнатып жүрміз. Керемет концерт өтіп жатыр. Кісі көп. Бәрінің жүзінде қуаныш бар. Осындай мереке ұйымдастырған жандарға рахмет.
– Шара барлық балаларға ұнады деген сенімдемін. Барлық балаларды мерекемен құттықтаймын. Денсаулықтары мықты болып, ата-аналарына қызық көрсете берсін.
– Маған ойындар, концерт бәрі ұнап жатыр. Көңіл күйім жақсы.

Сахнаға көтеріліп жатқан балалардың қарасы қалың. Қаладағы би мен вокалды өнер ұжымдары кезек-кезек өз өнерлерін паш етуде. Концертке 2 мыңнан астам бала қатысып жатыр.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Концерттік бағдарламаға “Бақытты Қазақстан – бақытты балалық шақ” атауы берілді. Оған облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы және қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұйымдары қатысуда. Шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен “Динамо” стадионында “Бір аспан – бір әлем” атты ұшқыш аппараттар сайысы өтіп жатыр. Сонымен қатар, киіз үйде шахматтан жарыстар өтуде. Робототехникадан мастер-класс та ұйымдастырылып отыр.

Марапатталып ортаға шыққан бүлдіршіндер де қаншама. Жергілікті демеушілер сурет байқауы сынды сайыстарға қолдау көрсетіп, бағалы сыйлықтарды өнерлі бүлдіршіндерге таратты. Өз өнерлерін білекті жауынгерлік өнер шеберлері де ортаға салды. Каратешілер мен таеквандошылар қол-аяқпен тақтайды қаққа бөліп, көпшілікті таң қалдырды.

 

Алдияр Айтпаев