БілімБалалар

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Жаз айы – балалардың асыға күтетін мезгілі. Бұл айларда жеткіншектер барынша ойнап, сауығуға асығады. Сәйкесінше, олардың денсаулығы мен өміріне қауіпсіз жағдай жасалуы қажет. Соны ескеріп облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары азаматтық қорғау құралдарының көрмесін өткізіп жатыр. Шараның мақсаты – балаларға өрт пен суға қатысты қауіпсіздікті үйрету.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Жалпы, балаларға өрт сөндіруге арналған техника, автомобильдер, құралдар мен киім-кешектер толыққанды көрсетілетін болады.
02:15 028 Сонымен қатар, жаз бойғы балалар демалысында суға түсу ережелері мен алғашқы көмек көрсету ережелері апта сайын түсіндіріледі.))

Бүгінгі көрмеге 20-дан астам маман мен 7 техника жұмылдырылған. Құтқарушылар қауіпсіздік қағидаларын тек ереже түрінде ғана емес, сонымен қатар, тәжірибе ретінде де көрсетуде. Балалар арнайы техниканың түр-түрімен танысты. Олар қызметтік бас киімді киіп көріп, өрт сөндіру көлігіне отырды. Сондай-ақ, 31 метрлік сатының қалай жұмыс істейтінін тамашалады.

Құтқарушылардың темір техникадан бөлек көмекшілері де бар. Олар – қызметтік иттер. Қалада осындай төтенше жағдайлар саласында пайдаланылатын 3 қызметтік ит бар. Екеуі – лабрадор, біреуі – белгиялық тұқым.

СЕРГЕЙ ЯЩУК, СҚО ТЖД кинологиялық тобының бас құтқарушысы:

– Қызметтік иттер – сенімді серік. Ит иісті ажыратып, оны шатастырмауы үшін онымен түрлі жаттығулар жасалады. Жалпы, иттің иісті ажырату қабілеті өте мықты. Өткен жылы Булаев қаласында жоғалған адамды иттің көмегімен таптық.

Жалпы, бұл іс-шара жыл сайын өткізіледі. Бүгін мамандар лек-легімен 2 мыңға жуық баланы қамтымақшы. Түскі 12-де бастау алған көрме кешке дейін жалғасады.

– Мен болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Және осындай көлік айдайтын боламын.
– Маған экскурсия ұнады. Балалар мерекесімен құттықтаймын.

Шара бұнымен тоқтап қалмады. Мереке күніне орай ұйымдастырылған байқаулардың санында шек жоқ. Басты алаңға жиналған балалар барлығына белсенді қатысуда.

ЛЮБОВЬ ФОМИЧ, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері:

– Бейнелеу өнерінен өтіп жатқан сайыс шығармашылықты талап етеді. Балалар “Бақытты балалық шақ” тақырыбы аясында асфальтқа сурет салып жатыр. Қатысып жатқан жеткіншектердің жас шамасы әр түрлі.

– Мерекемен құттықтаймын. Барлығыңа қуаныш, бақыт тілеймін. Әрдайым күліп жүріңіздер.
– Балаларды қорғау күні құтты болсын. Мен өте бақытты, жадырап-жайнап тұрған сұлу қыздың суретін салдым.

Балалар түрлі түсті бормен асфальтты әрлеуге кіріскен. Ашық аспан, гүлге толы алаң, бала күлкісі, ана алақаны – осының бәрі тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы бейнеленген суреттерде көрініс тапқан.

 

Акжунис Мухатай