Қоғам

Судағы қауіпсіздік

Өңірде суға түсу маусымы маусым айының 1-інен бастау алады. Бірақ, күннің қатты ысуына байланысты көл жағалауында демалушылардың саны әлден көбейген. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, төтенше жағдайлар басқармасының мамандары мен полиция қызметкерлері оқыс оқиғаны болдырмау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:

– Рейд барысында адамдарға неге межеленбейтін орындарда шомылуға болмайтындығы түсіндірілді. Егер де заң бұзушылық бірнеше рет тіркелген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Рейдтік іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Өткен жылы 5 адамның суға бату оқиғасы тіркелген.

Жалпы, суға шомылар кезде судың температурасы кемінде +18, +20 градус болуы керек. Табиғат аясында демалып, сергу үшін де белгілі бір ережелерді ұстану қажет. Осы орайда мамандар шомылуға рұқсат етілген жерлердің бірі – Пестрое көлінің маңында жаднама таратты.

– Тым терең жерде жүзуге болмайды. Балаларға судың жағасында жүзген абзал және суық суға түспеу керек. Аяқтың тамыры тартылып қалуы мүмкін.
– Суға мас күйінде түсуге болмайды. Балалар әрдайым үлкендердің қарауында болуы керек.

Мамандар су жағасын жаз бойы күнделікті қарап жүреміз дейді. Ереже бұзғандар анықталса, әуелі ескерту жасайды, оны елемеген жағдайда айыппұл салады.

 

Акжунис Мухатай