Экология

Солтүстікқазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер өзара меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Қытай – ежелден әріптес елдер. Алдағы уақытта көршілер арасындағы алыс-беріс көлемі одан әрі арта түседі. Бұған аққайыңдар өлкесі тікелей үлес қоспақ. Кеше өңірге аспан асты елінен бизнес делегация келді. Аймақтағы өндіріс орындарын аралаған меймандар бүгін басшылық өкілдерімен жүздесіп отыр. Кездесу шымылдығын кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмрин ашты. Ол қытайлықтарға өлкенің мүмкіндіктерін баян етті.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Біздің облыс арқылы Еуропа-Қиыр Шығыс бағытындағы жүктің 70 пайызы өтеді. Оның басым бөлігі Транс-Сібір магистраліне тиесілі. Аймақта ауыл шаруашылығы дамыған. Былтыр аталған сала өкілдері 2,4 млрд доллардың өнімін өндірді. Бұл секторға бағытталған жалпы инвестицияның 20 пайыздан астамы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Өңірдің мүмкіндіктері аса жоғары. Өлкеміз – елдің солтүстік қақпасы. Яғни, Ресейге шығу жеңіл. Батыспен де байланыс орнаған. Осы орайда қытайлық кәсіпкерлер аймаққа арнайы келіп, барлығын өз көздерімен көруді мақсат етіпті.

ЛЮ БАОПИН, Beijing Zhizhi Hongyuan Technology бас директорының орынбасары, ҚХР:

– Облыстарыңызда ауыл шаруашылығымен қатар, ауыр өнеркәсіп, машина жасау салалары да оң жолға қойылған екен. Бұл жерде қытайлық бірнеше компания басшысы бар. Бізді түрлі бағыт қызықтырады. Қазақстандағы жұмысымызды сіздердің аймақтарыңыздан бастаймыз деп сенемін.

Кездесу соңында солтүстікқазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер әріптестік жөнінде өзара меморандумға қол қойды. Келісім аясында өңірде бірнеше бағытта өндіріс бастау алады.

 

Байболат Култанов