БілімБалаларҚоғам

Соколов арнайы мектеп-интернаты заманауи құрал-жабдықпен қамтылды

Қызылжар ауданындағы Соколов арнайы мектеп-интернаты заманауи құрал-жабдықпен қамтылды. Нақтырақ айтсақ, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім ұясында логопед, психолог және тігін кабинеті мен шеберхана қажетті дүниелермен толықты. Жеткізілгеннің барлығы ұл-қыздарға пайдалы. Мысалы, түрлі пішіндерді құрастыру арқылы балалар мидың жұмысын жақсартады.

НАЗГҮЛ ОМАРОВА, Соколов арнайы мектеп-интернатының логопеді, Қызылжар ауданы:

– Мен осы мектепте логопед болып жұмыс істегеніме 3 жыл болды. Мектепте жабдықтар өте аз еді. “Қазақстан халқына” қоры көмек көрсетіп, керек заттармен қамтамасыз етті. Бізде қазір құмсалғыш, түрлі оқу жабдықтары бар. Компьютерге “Дэльфа” деген тренажер орнатылған.

Мектеп-интернатының кірпіші 1963 жылы қаланған. Қазіргі таңда мұнда ерекше білім беруді қажет ететін 86 бала тәрбиеленеді, 32 мұғалім жұмыс істейді. Айта кетейік, соңғы 2 жылда өңірімізде 5 оқу ошағы керекті дүниелермен қамтылды. Оның 4-еуі – арнайы мектеп. Алдағы уақытта тізімге 7 мекемені қосу жоспарланып отыр. Ел көлеміндегі жоспармен де бөлісейік. Жақын келешекте “Қазақстан халқына” қоры еліміздің 98 арнайы мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтпақ.

МАРИНА ДАНИЛОВА, Соколов арнайы мектеп-интернатының директоры, Қызылжар ауданы:

– Арнайы білім беру ұйымдарының жағдайына назар аудару қажет. Бұған дейін жиһаздарымыздың барлығы ескі болды. Мұғалімдер балаларға керектінің барлығын өздері жасап жүрді. Қазір бәрі өзгерді. Заманауи дүниелердің арқасында ұл-қыздарға жаңа мүмкіндіктер ашылды. “Қазақстан халқына” қорына алғысымды білдіремін.

Қоса кеткен жөн, Соколов арнайы мектеп-интернатына “Қазақстан халқына” қоры заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 19 млн теңге бөліпті.

 

Гульден Симбаева