Балалар

Облыстық балалар ауруханасында балалар күні аталып өтті

Жаздың алғашқы күні – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мереке облыстық балалар ауруханасында аталып өтті. Жеткіншектерді әуелі өңір жетекшісінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтап, бақытты балалық шақ тіледі.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Алдағы жазғы демелыстың жақсы өтуін тілеймін. Бақытты балалық шақ тілеймін. Сіздер – біздің болашағымызсыздар. Мемлекетіміздің болашағысыздар. Үлкендер сіздерге әр уақытта қолдау көрсетіп, алға жетелеп, денсаулықтарыңызды мықтылауға қолынан келгенін жасайды деп ойлаймын. Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын.

Қазіргі таңда ауруханада 360-қа жуық бала емделіп жатыр. Олар бүкіл қала болып тойлайтын мерекеге қатыса алмайтындықтан қалалық кәмелетке толмағандардың істері және құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері балаларды осылай қуантуды жөн көрген.

НҰРЛАН АЙМАНОВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

– Ауруханадағы көп баланы сыртқа шығардық. Қазір концерт болады. Мәдените үйінің қолдауымен өтеді. Балалар арасында сурет салу конкурсын өткізгенбіз. Конкурстың нәтижесін айтып, сыйлық береміз. Осы іс-шарадан соң жұқпалы аурулар бөлімшесіне барамыз. Әр баланы жеке құттықтаймыз. Және сыйлықтар береміз.

Бұл – суреттер тақтасы. Ғажап шығармаларды кішкентай емделушілер өз қолдарымен салған екен. Жас дарындар жетерлік. Сондай-ақ, іс-шарада мульфильм кейіпкерлерінің киімін киген аниматорлар болды. Бүлдіршіндер олармен бірге ойнап, суретке түсіп мәз-мейрам болысты. Құдды ертегі әлемінде жүргендей күй кешті десек артық айтқанымыз емес. Болашақ ақ халатты абзал жандар да өз өнерлерін көрсетті. Медицина колледжінің студенттері флешмоб ұйымдастырды.

– Мереке қызық өтіп жатыр. Балалар күнімен құттықтаймын
– Мереке құтты болсын
– Ешқашан ауырмасын. Денсаулық зор болсын.

Концерттік бағдарлама ән-бимен жалғасын тапты. Аниматорлар балаларды ортаға шақырып, қызықты ойын ойнатты. Белсенді қатысқандарға сыйлық тарту етті.

 

Аснурия Абдула