БалаларМәдениет

Республикалық пәнаралық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар оқушылар. Жыл сайын қалыптасып қалған дәстүр бойынша пәнаралық республикалық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталады. Биыл олардың қатарына республикалық ғылыми жоба байқауынан оза шапқандар да қосылды. Мадақтау рәсімі “Қызылжар” өнер орталығында өтті. Шара барысы сырлы әңгіме түрінде өрбіді. Оқушылар білім бөлімінің басшылығына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, жоспарларымен бөлісті.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Балаларды қорғау күніне орай республикалық жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп жатыр. Бұл – жыл сайын өтетін шара. Республикалық көлемде жүлделі орын иеленген балалар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталуда. 1-ші орын иегерлері – 100 мың теңгеге, 2-ші орын иегері – 75 мың теңгеге, 3-ші орын иегері 50 мың теңгеге ие болады. Жыл сайын пәнаралық олимпиадаға қатысушылардың саны көбеюде. Жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.

Адэля Дулатова пәнаралық олимпиаданың республикалық кезеңінде 2-ші орын иеленіпті. Өзі – Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының биылғы түлегі.

АДЭЛЯ ДУЛАТОВА, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Біз олимпиадаға күнде дайындалдық. Мұғалімдеріміз тапсырма беріп отырды. Мектеп тапсырмасынан тыс ақпараттарды оқыдық. Осы жылы республикалық олимпиададан 2-орын алдым. 10-шы сыныпта да осындай нәтижеге жеткенмін. Маған орыс тілі пәні қатты ұнайды. Менің сыйлығым – Smart watch және 75 мың теңге ақшалай сыйлық. Медаль мен дипломға ие болдым.

Жалпы, пәнаралық республикалық олимпиадада барлығы – 66 оқушы өңіріміздің намысын қорғады. Оның ішінде 20 білім алушы жүлделі орындарға ие болды. Ал, ғылыми жоба сайысына 20 жас ғалым қатысқан. 10 ізденімпаз қоржынға жүлде салды.

 

Аснурия Абдула