Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Президент университет пен театрда болды

Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында мемлекет басшысы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болды. 6 мыңнан астам студент оқитын білім ордасында су жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылғаны мәлім. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжірибелер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағдай жасалған. Университеттің 2022-2032 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы жайлы ректор Ерлан Шұланов қысқаша баяндады.

ЕРЛАН ШҰЛАНОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры:

– Сіз жүктеген тапсырма аясында жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы тапсырма – Аризона университетінің филиалын ашу. Былтырдан бастап 150 студентті оқытуға кірістік. Мына су жаңа корпус 2 мың білім алушыға шақталған. Оқу орнында 1,5 мың орындық 4 жатақхана салынады. 5 жыл ішінде 5 корпус пен 3 жатақхана күрделі жөндеу көрмек. Оқытушылардың орны бөлек. Біз даму тұжырымдамасы бекітілген 10 жылда жас перспективті ғалымдарды белсенді тартуға басымдық бермекпіз.

Таныстыру мен жоспар баяндалғасын мемлекет басшысы оқу-зертхана корпусын аралады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бағалаудың технологиялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, Президентке ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына арналған лаборатория, конфигурациясы күрделі детальдар алу жөніндегі инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағдылар орталықтары көрсетілді.

Мемлекет басшысы университетті аралап көру барысында оқытушылармен және студенттермен әңгімелесті.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ педагогика факультеті деканының орынбасары:

– “Жайлы мектеп” жобасын жүзеге асыру үшін және сіздің тапсырмаңыз бойынша Қозыбаев университетінде жаңа буын мұғалімдерін дайындауды бастадық. Сонымен қатар, қосдипломды бағдарламаға инклюзивті білім беру бойынша мұғалімдерді даярлау енгізілді. Мұндай бастама Қазақстан бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Біздің студенттеріміз биылғы жылдан бастап оқуды бастайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Аталған мәселелердің бәріне басымдық береміз. Себебі, білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды.

“Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін”, – деді тілдесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан кейін мемлекет басшысы облыс орталығында жаңадан бой көтерген қазақ сазды-драма театрының ғимаратын аралады, “Мағжан” пьесасынан үзінді тамашалады. Көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан театр директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының ұжымы бертінге дейін бұрынғы Энергетиктер сарайының ғимаратын паналағанын, осы жылдар ішінде түрлі жанрда қойылымдар сахналап, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа нысанға көшкен труппа репертуарын жаңартуға, шетелдік және отандық өнер ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Осы жерде Президент Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен жүздесіп, бірлік, елдің дамуы және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтты.

 

Байболат Култанов