Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласында 45 жыл еңбек еткен азамат

Еркін Қажеқов – ауыл шаруашылығы саласына 45 жылын арнаған азамат. Еңбек ардагері техника тізгініне 10-шы сыныпты бітіре сала отырыпты. Ол кезде Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылында орналасқан серіктестікте еңбек еткен екен. Кейін тепсе темір үзер жігіт әскерге алынады. Отан алдындағы борышын өтеп болғаннан кейін Меңгесердегі совхозға жұмысқа тұрады. Уақыт өте шаруашылық басшылығы азаматты қауіпсіздік жөніндегі инженер лауазымына тағайындаған. Ал, қазір ел алғасы – “Мәмбетов и К” КС бас инженері.

ЕРКІН ҚАЖЕҚОВ, “Мәмбетов и К” КС бас инженері, Мамлют ауданы:

– Жас кезімізде айтарлықтай қиындық болмады. Кеңес үкіметі кезінде бәрі тегін болды. Үймен қамтылдық. Қиындық сол үкімет құлағаннан кейін басталды. Жарық пен су болмады. Дегенмен, жұмысты тоқтатпадық. Шаруа жоспар бойынша атқарылды. Қазір бәрі жақсы. Жағдай бар. Техника уақытылы жөндеуден өтеді.

Еркін Қажеқов серіктестегі техника мен құрал-жабдықтарға жауапты. Яғни, олқылықтар орын алған жағдайда оны түзеу – азаматтың міндеті. Өз міндетін еңбек ардагері жоғары деңгейде орындайды. Оны шаруашылық басшысы Ойрат Нұрмағанбет марқая айтады.

ОЙРАТ НҰРМАҒАНБЕТ, “Мәмбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Еркін Қажеқовты құрметтейміз. Ол – өз ісінің шебері. Алдынан өткен шәкірттері көп. Жастарға берері мол азамат. Еңбек ардагері жұмысты әкеммен бастады. Қазір менімен жалғастырып жатыр. Әлі де қатарда болып, бізге көмегін береді деген ойдамыз.

Алпыстың асуынан асқан азамат зейнетке шығып, құр қол отыра алмайтынын айтады. Реті келсе әлі де серіктестікте еңбек етуге ниетті. “Себебі, істелінбеген жұмыс тындырылған тірліктен де көп”,- дейді еңбек ардагері .

 

Алдияр Айтпаев