Спорт

Жол талғамайтын автошабандоздар жарысты

Петропавлда трофи-рейдтен Қазақстан Кубогінің 2-ші кезеңі өтті. Мұнда кәсіби автошабандоздар мен әуесқойлар сынға түсті. Көлік жарысы ойлы-қырлы Малое Тинное көлінің маңында ұйымдастырылды.

ВАСИЛИЙ ВРЖЕЦ, жарысты ұйымдастырушы:

– Бірінші кезең Алматыда өтті. Барлығы – 4 кезең болады. Олар әр түрлі қалаларда өтеді. Әр кезеңнің жеңімпаздары финалда тоғысып, бақ сынайды. Бүгінгі сайысқа жалпы саны – 18 автокөлік қатысуда.

Сайысқа қатысушылар арнайы әзірленген шеңберді жүріп өтулері керек. Бір сағат ішінде ең көп айналым жасаған автошабандоз – жеңімпаз. Жарысқа түрлі автомобиль қатысуда. Қарапайым көлік те, жетілдірілген темір тұлпар да осында. Тартысты додаларға бейімделген мына “Nissan” маркалы машина Марина Насретдиноваға тиесілі. 52 жастағы нәзікжанды Астанадан келіпті. Өзі – пауэрлифтинг және бодибилдингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, трофей-рейдтер бойынша жарыстардың жүлдегері.

МАРИНА НАСРЕТДИНОВА, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Мұндай жарысқа бірінші болып күйеуім қатысты. Кейін менің де қызығушылығым арта бастады. Бір күні маған да көлік керек деп шештік. Көліктердің атаулары бар. Менікі – “Волчок”. Сайыс алдында “тұлпарымды” тексеріп, қалыпқа келтірдім.

Кәсіби санаттағылар арасында бәсекеге түскен жанның бірі – Бейбіт Дауытов. Оның УАЗ-469 маркалы көлігі тауда да, таста да жүреді. Көкшетаулық азамат осындай додаларда 2016-шы жылдан бері бақ сынайды екен.

БЕЙБІТ ДАУЫТОВ, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:

– Мынау автомобиль – УАЗ. ДР-1 категориясы бойынша жарысқа дайындадық. Яғни, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Регламент бойынша дайындығы бар. Одан ауысуға болмайды. Жарыстың дәрежесі жыл сайын өсіп жатыр. Көлікке деген сұраныс та өсуде. Былтыр Қазақстан бойынша 5-ші орында болдық. Биыл көреміз, әлі жылдың басы. Бірінші үштікке кіруге тырысамыз.

Кәсіби санаттағы шабандоздардың тапсырмасы күрделі. Олар түнде де өзара сайысады. Жарыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласынан келген шабандоз жеңімпаз атанды.

 

Самал Жунусова