Қоғам

Жас құтқарушылар Отан алдындағы борышын өтеп қайтты

Көрсетіліп жатқан қошемет – Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған жастарға арналуда. Олар Алматы облысы Ұзынағаш кентіндегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің 28237 әскери бөлімінде болды. 42 әскерге шақырылушының ішінен іріктеліп алынған 20 жігіт аталған бөлімде бір жыл бойы әскери қызмет атқарды. Солардың бірі – Марат Сабуров. Жас жігіт оқуын бітіргеннен кейін бірден азаматтық парызын өтеуді жөн көріпті.

МАРАТ САБУРОВ:

– Әскерге өзім барғым келді. 1 жыл уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Біз төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және шұғыл медициналық көмек көрсетуді үйрендік. Қиын болған жоқ, өзіме ұнады. Қаншама дос таптым.

Өз борышын өтеп келген жігіттерге аға құтқарушы деген шен беріледі екен.
Негізі, елімізде ТЖМ-нің 3 әскери бөлімі бар. Олар Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында орналасқан. Сондай-ақ, осындай әскери бөлім Ақтөбе қаласында да құрылмақ. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша жас құтқарушылардың ең бастысы, денсаулығы мықты болуы керек.

РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Олардың денсаулығы толығымен тексеріледі. Солтүстік Қазақстан облысынан әскери бөлімге жыл сайын балалар жіберіліп отырады. Олар алдағы уақытта біздің азаматтық қорғау саласында жұмысқа кіргізіліп, біздің қатарымызға қосылады.

Жыл соңына дейін ТЖМ-нің әскери бөлімдеріне 30-дан астам жасақ жіберу жоспарланып отыр. Бір жасақта шамамен 15 адам бар.

 

Гульден Симбаева