Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент жұмыс сапарымен СҚО-ға келді

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді. Президент өңірдегі көктемгі егіс науқанымен танысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездеседі, сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды аралап көреді. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев «Дайындық Агро» серіктестігінде болды. Агроқұрылым директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.

БІРЖАН ШӘЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Қымбат техниканың барлығын лизингке аламыз. Салада жұмыс істеп жатқаныма 28 жыл болды. Осы уақыт ішінде гектарынан 25-26 центнер өнім жинап келеміз. Мамандар бар.

Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарына минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ, Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды.

ОКСАНА БАХУРИНСКАЯ, «Қызылжар-Сүт» ЖШС сауыншысы:

– Организация помогает нам с обеспечением кормами нашего домашнего скота. Мы получаем премии, работа нас радует.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мы такие производства, безусловно, будем поддерживать. Льготное кредитование через социально-предпринимательские корпорации оправдывает себя. С точки зрения финансирования проблем здесь не будет. Нам нужно полностью перейти на самообеспечение отечественной молочной продукцией по всей стране.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Президентке өңірдегі агроөнеркәсіп жобаларының жүзеге асырылу барысы және жоспар жөнінде баяндама жасады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Тауарлық сүт фермаларын салу бойынша 100 млрд теңге бөлінді. Соның 17 млрд-ы біздің облысқа бағытталды. Бұл қаржы 17 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда іс бастауға ниетті жандардың барлығы анықталды. Келешекте мал саны 11 мыңға артпақ. Жалпы, инвестицияның көлемі 54,9 млрд теңгені құрамақ. Осы сәтті пайдалана отырып, бөлінген көңіл үшін алғысымызды білдіреміз. Облысымыз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ете береді.

Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.

 

Байболат Култанов