Қоғам

Петропавлда “Үйде сөйле” аулалық клубы құрылды

Қазақ тілін білу – әр қазақстандықтың парызы. Тілді білмеймін, бірақ үйренгім келеді дейтіндерге де мархабат. Петропавлда “Үйде сөйле” атты жобаның тұсаукесері өтті. Бұл – қазақ тілін үйретуге арналған алғашқы аулалық клуб.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Ассамблея жастары өкілдігі “Үйде сөйле” атты іс-шараны қолға алды. Аталмыш іс-шара Астана, Алматы қалаларында ашылды. Ендігі Петропавл қаласындағы көпқабатты үйлерге кезегі жетті.

Жобаның ерекшілігі – қарапайымдылығында. Кез келген адам өзі тұратын аулада еркін болады, ендеше тың дүниеге тез бейімделеді дейді ұйымдастырушылар. Яғни, тілді үйрену барысы жақындардың ортасында қызықты өтетіні сөзсіз. Көрші-қолаңмен араласу – күнделікті ауызекі сөздерді тез үйренуге ықпал етеді.

ВАЛИХАН БАХРЕТДИНОВ, ҚХА мүшесі:

– Бүгін аттың басын Петропавл қаласына тіреп отырмыз. Шараға көптеген адамдар қызығушылық танытады деп ойлаймыз. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында өткіземіз. Алматы қаласында 150-ге жуық тұрғын қатысты. Астана қаласында 100-ге жуық адам қызығушылық танытты. Ал, қазір тұрған жеріміз – 9 қабатты тұрғын үй кешені екен. Шамамен 50 адам қатысуы қажет. Бұл тек қана осы аула тұрғындарына арналған шара емес. Кез келген адамға мүмкіндік бар.

Шамамен 2 сағаттық сабақ аптасына 2 рет сенбі-жексенбі күндері аулада өтеді. Аулаларда өту тәртібі әлі белгіленбепті, бұл уақыттың еншісінде. Бірақ, бастама бар. Қазақ тілін жетік меңгерген мамандар үйретеді. Бұл ретте тәжірибелі тұрғындар да өз пікірімен бөлісе алады. Өмір көрген қазыналы қарттар ақыл-кеңесін айтады. Солардың бірі – Гүлзәуреш Үсенова. 80 жастағы кейуана – қазақ тілінің жанашыры. “Жастарды тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Сол себепті, мен де сабаққа қатысып, өз үлесімді қосамын”,-дейді.

ГҮЛЗӘУРЕШ ҮСЕНОВА, қала тұрғыны:

– Бұл үй жақсы. Жастар көп тұрады. Түрлі-түрлі ұлт өкілдері бар. Қазақ тілін дамыту керек. Қызылжарда көп жылдар бойы тұрдым. Қазақ тілі нашар, ақсақ болды. Енді, кешегі күнді ұмытайық. Бүгінгімен өмір сүрейік. Ертеңді ойлайық. Әр жанұяда қазақ тілі үйретілуі керек. Ол маңызды.

Игі бастамадан зор нәтиже болуы тиіс. Жоба алдағы уақытта өз жалғасын табады.

 

Аснурия Абдула