Спорт

Матч тағдыры соңғы секундтарда шешілді

“Қызылжар” мен “Ордабасы” кезекті мәрте күш сынасты. Бұл жолы қос клуб қаламыздың “Жастар” стадионда ел біріншілігі аясында тартысқа түсті.

Матч тартысты болды деп айтуға толық негіз бар. Турнирлік кестенің басында орналасқан қос клуб ойыншылары алғашқы таймда аңдысып жүріп, гол соғатын сәттер ұйымдастырды. Алайда, бірінші 45-ші минутта есеп ашылмады. Бұған жанкүйерлер қапалы.

– Біз жеңуге тиіспіз. Біз чемпион болуға лайықпыз.
– В нашей команде есть хорошие игроки. Они могут решить исход игры.
– Бірінші таймда “Қызылжардың” басымдығы байқалды. Екінші таймда “Ордабасы” ойыншылар алмастырып, гол соғады.

Екінші таймда біріншідегі сценарий қайталанды. Жасыл алаңда жанталаса жүгірген жігіттер алма-кезек шабуылдап, көзге түсуге тырысты. Қызылжарлық Лука Имнадзе матч қаһарманы болар еді. Өкінішке қарай, кездесудің соңына таман шашасына шаң жұқпайтын шабуылшы шымкенттік қақпашымен жеке-дара шығып, айласын асыра алмады. Есесіне, ойынның соңғы секундтарында қарсыластар қызылжарлық қақпашыны қапы қалдырды. Футболда “сен соқпасаң, саған соғады” деген қағида бар…

“Қызылжар” ойыншылары осымен 2-ші кездесуде қатарынан соңғы секундтарында гол жіберіп отыр. Естеріңізде болса, өткен турда теріскейлік ұжым 3 те 2 есебімен “Астана” клубына ұтылды. Қазір жерлестеріміз турнирлік кестенің 3-ші сатысында тұр. Келесі қарсылас – қостанайлық “Тобыл”. Матч маусымның 3-і күні сырт алаңда өтеді.

 

Байболат Култанов