ТКШ

Қаладағы жылу құбырлары 72 пайызға тозған

Өткен жылы басталған жұмыс биыл жалғасын тапты. Бұл – Сәтбаев көшесіндегі 42-ші үйдің ауласындағы көрініс. Қазір мұнда әрлі-берлі техника қатынап жүр. Жұмысшылар да қызу іске кіріскен. 80-ші жылдары салынып, әбден тозған жылу құбыры жаңасына ауыстырылуда.

Жобаның жалпы құны – 1 млрд 222 млн теңге. Өткен жылы оның 284 млн теңгесі игеріліпті. Іс Кошуков мен Сәтпаев көшелері аралығында жүргізілген. Ал биыл шаруа Медведев көшесіне дейін атқарылмақ.

АЛЕКСЕЙ ХОМЕНКО, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ учаске басшысы:

– Жылу құбыры әбден ескірген. Өткен жылыту маусымында 5 келеңсіз оқиға орын алды. Іске “СУ “Энергострой” серіктестігі жауапты. Учаскеде 30-ға тарта адам жүр. Материалдар келіп жатыр. Ешқандай қиындықтар жоқ.

Магистральдің ұзындығы – 1,5 шақырым. Яғни, қазіргі таңда осы аралықтағы нысандар негізгі желіден ажыратылған. Бірақ, тұрғындардың үйлеріне ыстық су келіп отыр. Тозған құбыр жанынан уақытша шағын желі қосылыпты.

АЛЕКСЕЙ ХОМЕНКО, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ учаске басшысы:

– Жалпы, мұндай жұмыстар жылыту маусымы аяқтала сала басталады. Тиісінше, күзде күн суытар кезде жөндеу жұмыстары тыйылады. Биыл 600 метрден астам желі ауыстырылады. Қалғаны келер жылға қалады. 2024-те дәл осындай жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Желі Руженников пен Халтурин көшелерін байланыстырады.

Жалпы, жаңғыртудан бөлек жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Іс 19 учаскені қамтымақ. Шаруа 6,2 шақырымда атқарылады екен.

 

Алдияр Айтпаев