Денсаулық сақтау

Теміржол вокзалында оқу-жаттығу өтті

Теміржол вокзалының бірінші жолағына “Нұрлыжол-Қызыл ту-Петропавл” пойызы келіп тоқтады. Жолаушыларының бірінде инфекция бар болып шықты. Бұл -полиция қызметкерлері мен дәрігерлердің оқу-жаттығу сценарийі. Арнайы шараға басқа қаладан шақыртылған мамандар да қатысты.

ЕРЛАН КӘРІМОВ, Ақмола бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Бүгінгі оқу-жаттығудың мақсаты – адамның бойында аса қауіпті инфекция анықталған кезде медициналық ұйымдардың эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізуге қатысты дайындығын бағалау, науқастарды қалай оқшалау керектігін көрсету.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Ливанға жұмыс сапарымен барған 35 жастағы солтүстікқазақстандық әйел адам елге оралады. Пойызда әйелде суық тиюге ұқсас белгілер, дене қызуы мен жүрек айнуы байқалған. Жолсерік ережелерді ескере отырып, оны бөлек купеге ауыстырады. Дәрігерлер жолаушымен байланыста болған адамдарды бақылауға алды.

ЕРЛАН КӘРІМОВ, Ақмола бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда әлемде холера инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Бұндай ауру 30 елде анықталған. Олар: Африка мен Таяу Шығыс елдері. Инфекцияны өзге елде жүріп жұқтырып алған адамдар елге оралғанда бірге әкелуі мүмкін. Тұрғындарға айтарым, шетелге шыққанда қайнатылмаған су ішпеу керек және жуылмаған көкөніс-жеміс жемеу керек.

Қазақстанда холера ауруын жұқтыру жағдайы соңғы рет 2017 жылы тіркелді.
Санитарлық дәрігерлер оны елдің батысында анықтаған.
Сондай-ақ, өткен жылы Шымкент қаласының тұрғынынан сібір жарасы табылды. Ол ауырған күйі “Қызылорда-Петропавл” пойызында жүрген. Оны қызметкерлер байқап қалып, Көкшетауда түсіріп, ауруханаға жеткізген. Диагнозы расталды. Ер адам шикі ет жеген.

 

Гульден Симбаева