Білім

Тәлімгерлер кеңесі құрылды

Облыстық мәслихатта «Тәлімгерлер кеңесі» атты консультативтік-кеңесші орган құрылды. Ұйымға 9 адам мүшелік етеді. Олардың бәрі кезінде мемлекеттік қызметте еңбек еткен.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы;

– Ұйымның мақсаты – өңірдегі өзекті мәселелерді қарастыру, пікір алмасу, шешу жолдарын ұсыну. Осы мақсатта біз кеңес құрамына мемлекеттік қызмет бойынша тәжірибесі мол ардагерлерді қабылдадық.

Кеңес отырысына жергілікті атқарушы орган басшылары шақырылды.
Бірінші болып баяндама жасағандардың бірі – облыстық ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов. Ол кадр мәселесін көтерді.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Ветеринария саласында маман аз. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті жоғары оқу орнында жастарды ветеринар мамандығына оқытуды ұсынамыз. Бұл мамандық еліміздің басқа қалаларында оқытылады. Жастарымыз ҰБТ тапсыратын кезде медицинаға түсуді жоспарлайды. Бірақ, өкінішке қарай, балы жетпей, мал дәрігері мамандығына түседі. Солай басқа қалаларға кетуге мәжбүр болады. Көбісі кейін сонда қалады.

Ветеринар жастардың қатарын көбейту үшін олардың жан-жануарға деген мейірімі мен қызығушылығын арттыру керек делінді кеңес отырысында.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Жастарымыз мал дәрігері мамандығына көп қызығушылық таныта қоймайтыны рас. Бұл мәселе де шешімді талап етеді. Балаларға жастайынан жан-жануарды жақсы көріп, оларға қамқор болуды үйрету керек. Ветеринарларға құрметпен қарап, беделін арттырған жөн. Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» атты бағдарлама бар екенін білеміз. Қолдау көрсетіледі, бірақ, бұл әлі де жеткіліксіз.

Тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Тәлімгерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Қызметте пайдасы тиетін өмірлік кеңестерін айтты.

 

Аснурия Абдула