Білім

Облыстық білім басқармасының басшысы брифинг өткізді

Оқу жылының аяқталуына саусақпен санарлық күн қалды. Биыл соңғы қоңырау маусымның алғашқы жұлдызында соғылады. Артынша емтихандар ұйымдастырылып, аттестат табыстау рәсімі өтеді.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Салтанатты іс-шараларды, сынып сағаттарын, линейкаларды, аттестаттарды тапсыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру кезінде педагогикалық әдепті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, мерекелік іс-шаралар агенттіктерін, жеке студияларды тартуға қаражат жинауға жол берілмейтінін атап өткім келеді. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтарға қаражат жинауға тыйым салынады.

Мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. 19-шы мамырда басталған науқан 5-ші шілдеге дейін жалғасады. Биыл өңірімізде 2 396 ұл-қыз бақ пен бап сынамақ. Әрқайсысы тест тапсыру күнін, орны мен уақытын жеке кабинет арқылы дербес анықтайды. Қоса кеткен жөн, 2 мүмкіндік беріледі. Тапсырушы ең жақсы нәтиже бойынша гранттар конкурсына қатыса алады. Брифингіде Нәзір Жәшібеков жазғы кезеңде балалардың демалысын ұйымдастыру жайлы да ақпармен бөлісті.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Дәстүр бойынша 6 мыңнан астам бала лагерьде демалады, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 3 мың балаға тегін жолдама беріледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 92,4 млн теңге бөлінді. Жолдаманың орташа құны – 35 пен 65 мың теңгенің аралығы.

Қазіргі уақытта лагерьлерді дайындау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 6 маусымға дейін демалыс орындары дайын болмақ. Брифинг соңында білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков ата-аналарды балалардың жаздағы қауіпсіздігіне баса назар аударуға шақырды.

 

Байболат Култанов