Қоғам

Оңтүстіктен солтүстікке келген ағайынның тұрмыс-тіршілігі

Сәулембаевтар жанұясы оңтүстіктен солтүстікке 2021 жылы қоныс аударған. Қазіргі таңда отбасы Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылында тұрады. Отағасы мен отанасы зейнетте. Ал бала-келіні жеке кәсіппен айналысады. Істі дөңгелетуге “Бастау бизнес” жобасы сеп болған. Мемелекеттен берілген қайтарымсыз 1 млн 225 мың теңгеге 3 сиыр мен 3 лақ алыныпты. Биыл Зеңгі баба төлі бұзаулап, мал басы алтауға жетіпті.

ЕРКІНАЙ ЖАМАЛОВА, Воскресеновка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Несиені келінім алды. Ұлым да оқыды. Оған бұйырса жақында өзіне тиесілі қаржы берілуі керек. Оған да мал алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жақтың жем-шөбі де арзан екен оңтүстікпен салыстырғанда. Күнделікті таңғы 7 жарымда сүтті тапсырамыз. Күнде 20-25 литр ақ өткіземіз.

Еркінай Жамалова өзі енді қайтарымсыз 5 млн теңгенің кредитін алмақ ойда. Қаражатты нәзікжанды қазақ тілі курстарын ашуға бағыттамақ. Жалпы, қазіргі таңда Сәулембаевтар мал шаруашылығынан бөлек көкөніс өсіру ісін де қолға алған. Теріскейдің құнарлы жеріне отбасы картоп пен асқабақ егіп келеді.

ЕРКІНАЙ ЖАМАЛОВА, Воскресеновка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– 7 соттық жерге 2,5 қап картоп ектік. Одан 38 қап картоп алдық. Оны суарып, күтіп әуре болмадық. Асқабақты қыстай малымызға бердік. Биыл жердік көбейттік. Тағы бір жерден 3 соттық жер алдық.

Шаруашылық пен кәсіптен бөлек солтүстік тұрмысқа жақсы. Үйдің отағасы Рахым Сәуленбаев ауылдың таза ауасы мен көрші-қолаңның бір-біріне деген сыйластығына тәнті.

РАХЫМ СӘУЛЕМБАЕВ, Воскресеновка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Денсаулығым сыр беріп жүрген еді. Осы жаққа келгелі көңілім жайланды. Еш қай жерім ауырмайды. Көрші-қолаңдарға рахмет. Бәрі жақсы көзбен қарайды. Біреудің затына біреу тиіспейді.

Соңғы жылдары Воскресеновка ауылдық округына 6 отбасы оңтүстіктен көшіп келген. Оның екеуі мемлекет қолдауын пайдаланып өз ісін дөңгелеткен.

 

Алдияр Айтпаев