Білім

“Мен қазақша сөйлеймін” атты байқау өтуде

Тілге құрмет – елге құрмет. Мемлекеттік тілді білу – әр қазақстандықтың парызы. Осы орайда өзге ұлт өкілдерінің арасында тілге деген қызығушылық жылдан-жылға артуда. Бұл, әрине көңіл қуантады. Қаламызда “Мен қазақша сөйлеймін” атты байқау бастау алды. Оған мектеп мұғалімдері қатысып жатыр.

ГАУҺАР ТЕМІРБАЕВА, қалалық білім бөлімінің пәндер бойынша әдіскері:

– Бұл шара орыс мектептерінің арасында өткізіліп жатыр. Негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін арттыру. Оқу жылы басталғаннан бастап қалалық білім бөлімінде ересектерге арналған қазақ тілін үйрету үйірмелері жұмыс істейді. Сол үйірменің қорытындысы ретінде осы байқауды өткізіп жатырмыз.

Байқау 4 аялдамадан тұрады. Қатысушылар “Сәлем-сөздің анасы”, “Кім жылдам?”, “Кел, сөйлесейік!” және “Мен елімді жырлаймын” атты кезеңдер бойынша бақ сынады. Өз өнерлерін ортаға салды. №10 орта мектебінің ұжымы бұл шараға сақадай сай болып келген. Тәуелсіздікті ту еткен топтың атауы – “Болашақ”.

КСЕНИЯ ЛАХНО, байқауға қатысушы:

– Мен №10 орта мектепте жұмыс істеймін. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін. Қазақ тілін мектепте үйрендім. Қазақ тілі- өте бай тіл. Бүгінгі көріністе “Хадиша” рөлін ойнаймын.

Қазылар алқасы бақ сынаушылардың тілді меңгеру деңгейіне, тапсырманың орындалу сапасына және сахна әдебіне қарай баға береді. 6 жүлделі орын бар. Жеңімпаздар мақтау қағазымен қатар құнды сыйлықтармен марапатталады.
“Мен қазақша сөйлеймін” байқауы 30-шы мамырға дейін жалғасады.

 

Аснурия Абдула