Мәдениет

Филармонияның концерттік маусымының жабылуы өтті

Ақан сері атындағы облыстық филармонияның 58-ші маусымы жабылды.
Концертке келген қонақтың санында есеп жоқ. Зал лық толы.
Өнерсүйер қауымға филармония ұжымы ерекше бағдарлама әзірлепті.
Мәдениет ордасында екі жыл еңбек етіп келе жатқан Сүндет Асан бүгінгі кештің жарық жұлдызына айналды. Эстрадалық-джаз жанрының орындаушысы әуезді үнімен “Мәңгілік махаббат” әнін орындады.

СҮНДЕТ АСАН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі:

– “Мәңгілік махаббат” деген ән орындадым. Бұл әнді орындап шығу үлкен жүк болды. Менің ойымша, жақсы айтып шыққан сияқтымын, бағасын халық бере жатар. Жалпы, бұған дейін біз джаздық фестивальдерде және басқа қалаларда өнер көрсеттік. Өзім эстрадалық-джаз оркестрінің солисімін. Көбінесе шетелдік әндерді орындаймын.

Келесілердің бірі болып сахнаны жандандырған “Melomix” тобы болды. “Жаса, Қазақстан” әнімен қошеметке ие болған күміс көмей иелері көрерменді сергітіп алды.

МҰХИТ АХМЕТОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармония солистерінің көркемдік жетекшісі:

– Осы жылдың ішінде қаншама концерттер болды, қаншама іс-шараларға қатыстық. Бірақ, бүгінгі концертіміз көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Өйткені, халық көптен бері концертті сағынып қалған сияқты. Негізі, филармонияның концерттерінің ішінде ашылу мен жабылу маусымына халық көп келеді. Өйткені, бұның концерттік бағдарламасы әртүрлі болады, осында жұмыс жасайтын бүкіл әртістер жұмылады.

Жарқыраған кеш бірнеше сағатқа созылды. Көрермен әр шыққан өнерпазға ризашылық білдіріп, шаттана шапалақ соқты.

– 18 Бүгінгі кеш өте ұнады, көңілден шықты. Филармонияға көп рахмет айтамын.
– Өте керемет концерт. Көңіл-күйім өте тамаша. Бұндай бағдарламаларды жібермей және асыға келемін.

Бүгінгі шараға біраз күш жұмсалған екен. Сахнадағы түрлі ән-шашулар әсер қалдырмай қоймады. Қазіргі таңда филармонияның тұрақты көрермендері де қалыптасқан. Жалпы, бұл кеште халыққа 30-ға жуық музыкалық шығарма тарту етілді. Бір туынды шабыт сыйласа, енді бірі би билеп, ән шырқауға тартады.

 

Акжунис Мухатай