Қоғам

Жарықтандыру жұмысына 200 млн теңге бағытталды

Петропавлда жарықтандыру жұмысы қарқын алды. Қазіргі таңда орталық пен Заречный кентін байланыстыратын өзенүсті көпірден бастап Мамлюткаға шығатын тұсқа дейін шамдар қойылуда. Дәл осы учаскеде 70-ке жуық шам орнатылмақ. “Олар аумақты жап-жарық қылады”,- дейді әкімдік өкілдері. Яғни, өзгеріс жүргіншілердің де, жүргізушілердің де жүріп-тұруын жеңілдетеді.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Мұнда ескі кабельдер жаңаға ауыстырылып, ескі шамдарды жаңа шамдарға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Бескөл пунктінен бастап Караванная көшесіне дейінгі аралық та шамдармен қамтылады. Аталған шаруа жарықтандыру жүйесінің сапасын арттырады.

Дәл осындай жұмыс Жұмысшы кенті мен Ойқаладан бөлек, Береке ықшам ауданында да жүргізіледі. Орнатылып жатқан шамдардың ерекшелігі бар. Олар басқаларға қарағанда үнемді. Өзгеріс тұрғындардың көңілінен шығуда. Жүргізушілер де дән риза.

– Барлық көпірді шамдармен жарықтандырса жақсы болатын еді. Түнде қиын. Өзім көлік тізгінінде жүргеннен кейін жүргізушілерді түсінемін.
– Ескі шамдар дұрыс жарық бермейді. Жаңартып жатқандары дұрыс болды.

Жалпы, осы маусымда Петропавл қаласы бойынша жарықдиодты 700 шам орнатылмақ. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бағытталыпты.

 

Гульден Симбаева