Қоғам

Өткен жазда облыста 5 адам суға кеткен

Маусымның 1-і күні өңірімізде шомылу маусымы ресми түрде ашылады. Биыл демалыс орындарының саны екеуге артып, 60-ты құрамақ. Олар облыстағы 13 көл мен Есіл өзенінің бойында орналасқан. Өз кезегінде құтқарушылар тұрғындарды абай болуға шақырады.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Өткен жылғы шомылу маусымында облыс аумағында 5 адам суға батып кетті. Оның 1-еуі – бала. Ал соңғы 10 жыл ішінде 216 адам суда ажал құшты. Статистика көңіл көншітпейді. Тұрғындарға рұқсат етілмеген жерлерде шомылмау қажеттігін ескертеміз. Өзен-көлдерде балаларды қараусыз қалдырмау керек.

Тілге тиек етілген дерекке назар аударсақ, соңғы 10 жыл ішінде көз жұмғандардың 90 пайызы мас күйде болған. Яғни, басты себепкер – алкоголь. Осыны алға тартқан басқарма бастығының міндетін атқарушы Кирилл Иванников тұрғындарды ішімдік ішпей шомылуға шақырды. Брифингіде “Қазгидромет” филиалының бөлім басшысы Дәурен Қосшығұлов та бой көрсетті. Ол жазға қатысты ауа райы болжамымен бөлісті.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, “Қазгидромет” РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Ауа температурасының күндіз +30+37°С-тан +10+20°С-қа дейін ауытқуы күтіледі. Ыстық күндер нөсер жаңбырмен, найзағаймен және қатты желді салқын күндермен ауыстырылады.

Яғни, жазда ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер судың да температурасын өлшепті. Қазір өзен-көлдердің температурасы +11+16 градустың аралығында екен. Мұндайда шомылуға болмайды. Су кемінде +20 градусқа дейін жылуы керек екен.

 

Байболат Култанов