Мәдениет

Оқушылар арасында облыстық айтыс өтті

Айтыс – қазақтың бекзада, болмысы биік өнері. Қоғамдық ойды қозғайтын және рухани мұраны дәріптейтін күш. Осы орайда “Сөздерінде жалын бар…” атты оқушылар арасында облыстық айтыс өтті. Бұл шара М. Жұмабаевтің 130 жылдығына арналды. Сөз сайысында өңіріміздің түрлі аудандарынан келген 12 жас талант бақ сынады. Жас бойынша шектеу жоқ. Оған өзіне де, сөзіне де сенімді мектеп балалары қатыса алады. Білікті маман Нұрлан Садықовтың айтуынша, өңірімізде жастар арасында айтысқа деген қызығушылық жыл санап артуда.

НҰРЛАН САДЫҚОВ, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Айтыстың негізгі мақсаты – дарынды балаларды анықтап, оларды қолдау. Айтысқа қатысушы балалар – жоғары деңгейде ойлайтын балалар. Бүгінгі таңда оны ғалымдар дәлелдеп отыр. Бабаларымыздан қалған ұлы сөз өнері тарихта Гай Юлий Цезарьдің заманынан келген, ал қазақ елінде жаулардың дәуірінен бастап қазірге дейін жетіп отыр. Сондықтан, осындай үлкен іс-шараларды ұйымдастыруды алға мақсат етіп қойдық.

Сахнада – қолына домбыра ұстап, ұлттық киім киген 6 жұп. Қатысушылар арасында жаңа есімдер де бар. 2-сынып оқушылары да додадан қалыс қалмаған, ал кейбірі бұрынннан танылып келе жатқан өнерпаздар. Солардың бірі – Сұлтан Жарқынұлы. Жас ақын Бәйтерек ауылынан келген. Көптеген жарыстың жеңімпазы. Мағжан Жұмабаевтың 130 өлеңін жатқа біледі екен.

Сұлтан Жарқынұлы, жас ақын:

– Мен айтысқа 6 жасымнан бастап қатысамын. Менің ұстазым әрі әкем-Жарқын Жұпархан. Одан көп тәлім-тәрбие алдым. Әкем маған “Сен айтысқа қатыс. Мен сені сынап көремін”,- деді. Мен келістім. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидің кітабын көп оқыдым. Олардың нақыл сөздерін алып, ойымнан өлең шығарамын.

Сұлтан Жарқынұлының қарсыласы – Бекарыс Әділжан. Ол да осал емес. Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының намысын қорғап келген.

БЕКАРЫС ӘДІЛЖАН, жас ақын:

– Айтысқа 11 жастан бері қатысып жүрмін. Көптеген сайысқа бардым. Кей жерлерде бас жүлде алдым. Мені ең алғаш айтыс өнеріне итермелеген ұстазым – Ерлан Дәулет. Ол кісі – Жүрсіннің шәкірті. Доспамбет Ораздың кітабын оқығанмын. Сондай-ақ, Мағжанның кітабы мен өмірбаянын оқыдым. Дайындық барысы өте жақсы өтті.

Сөз саптау шеберлігі мен шешендік өнері бір-бірінен асқан жұп тартысы көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Жиналған қауым айтыскерлерді барынша қолдап, қолпаштап отырды. Шабыттанған жас жүйрік ақындар одан әрі шабысын үдетті. Оқушыларға қажет ойлар мен парасатты пікірлер айтты. Інісі ағасына еркеледі. Нағашы мен жиен қалжыңдасты.

От ауызды, орақ тілді жас ақындардың өнері ерекше бағаланды. Қазылар алқасы сайыскерлердің сөз саптауын, тіл байлығын және суырып салмалық өнерін таразылады. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және мақтау қағаздарымен марапатталады.

 

Аснурия Абдула