Ауыл шаруашылығы

Марат Тасмағанбетов Есіл ауданындағы егіс науқанының барысымен танысты

2016 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Шамшуменов» жеке кәсіпкерлігі Покровка ауылдық округі аумағында картоп отырғызумен айналысады. Егістік алаңы 6 гектар жерді құрайды. Биыл егіс жұмыстары 15 мамыр күні бастау алып, істің 80 пайызы тындырылыпты. Кәсіпкерлік директоры Жомарт Шамшуменов жұмыстың сапасын арттыру үшін алдағы уақытта озық техника алуды жоспарлап отыр.

ЖОМАРТ ШАМШУМЕНОВ, жеке кәсіпкер:

– Енді сол кредитование аламын. Техника аламын. Енді мыналарды суауға арналған полив алу ойымда бар. Жаңбыр былтырғы жылғы сияқты болмаса қиын болады бізге. Техника, енді сажалка аламын. Потом гребнеобразователь аламын. Ең бастысы, овощная сеялка керек».

Келесі жылы кәсіпкер аумақтың жартысына тағы сәбіз бен қызылша егуді жоспарлауда. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов егіс науқанының барысымен танысып қайтты. Сонымен қатар, өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, оның ішінде картоптың көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма бергенін сөзге тиек етті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Есіл ауданында картоптың белгілі бір әлеуеті бар. Мұнда топырақ бонитеті де, суару мүмкіндігі де бар. Мен Есіл ауданына шекаралас Қызылжар ауданы тамшылатып суару әдісін қолданатынын білемін. Негізі, үлкен жұмыс жүргізілуде. Сондықтан, әртараптандыру аясында бұл жұмысты жалғастыру қажет. Міндет қойылды. Картоптың көлемін 3 есе ұлғайту керек. Аудан бойынша бұл көрсеткіш 1,7 мың гектарды құрайды.

Солтүстік аймақ азық-түлік қауіпсіздігі бойынша көшбасшылар қатарында. Өңірдің 4,2 млн гектар жерінде майлы дақылдар мен астық тобы егілген. Бұл шамамен 353 мың жемшөп. Бұл ретте Марат Тасмағанбетов ұйымдасқан шаруашылықтарға картопты облыс орталығына жеткізу бойынша жұмыс жүргізуге ұсыныс жасады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Әлеуметтік кәсіптік корпорация сіздердің өнімдеріңізді сатып алуға дайын. Сондықтан, форвардтық сатып алуға да қатысыңыздар. Біз сатып алуға дайынбыз. Біз әлеуетті жеткізушілер пулын анықтаймыз. Өнімдер негізгі шарттарға сәйкес келуі керек екендігі түсінікті. Мұнда қорғаныс құралдары бойынша қарау қажет болады. Жалпы, екі нәрсені қарау керек болады. Біріншісі – рентабельділік. Ал, екіншіден жаңа технологияларға көшу керек.

Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде облысқа 1,8 млрд теңге бөлінгендігі туралы айтылды. Аталмыш жоба арқасында кәсіпкерлерге қаражат бөлініп, қажет технологиялық жабдық алуға мүмкіндік берілмек. Қазіргі таңда Есіл ауданы бойынша бағдарламаға қатысу үшін 66 өтінім келіп түскен.

 

Алдияр Айтпаев