Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданында тамыз айында жаңа тауарлы-сүт фермасы ашылады

Жұмыстың қызған шағы. Мамлют ауданындағы Калугино елді мекенінде тауарлы-сүт фермасының құрылысы жалғасуда. «Әйтеке-БИ СК» серіктестігіне тиесілі өндіріс орны 620 шетелдік ірі қараға шақталған.

АСҚАР МӘДИЕВ, «Әйтеке-БИ СК» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Құрылыс жұмыстары 70%-ға атқарылды. Бетон бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазандық пен қондырғылар орнату ісіне жақында кірісеміз. Сауу залы швейцариялық жабдықтармен жабдықталады. Жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Жобаның жалпы құны – 1 млрд 700 млн теңге. Оның 500 млн теңгесін “Солтүстік” ӘКК 4%-бен несие ретінде берген. Қаражат Германиядан симментал тұқымды ірі қара сатып алуға жұмсалыпты. Жаңа өндіріс орны жергілікті ағайынның тұрмыстық жағдайына да оң ықпал етпек. Азаматтар жұмыспен қамтылады.

АСҚАР МӘДИЕВ, «Әйтеке-БИ СК» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– 28-30 адам жұмыспен қамтылады. 150-250 мың теңге көлемінде жалақы бермек ниеттеміз. Жергілікті тұрғындар ферманың ашылуын тағатсыздана күтіп отыр.

Қазір құрылыс алаңында 30 адам тер төгіп жүр. Мамандар шаруаны тамыз айында толық аяқтауға ниетті. Яғни, өндіріс орны биылдан қалмай ашылады.

 

Алдияр Айтпаев