Құқық қорғау органдары

Ерте жыныстық қатынас және оның салдары

Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғам ерте жыныстық қатынас дегенге үрке қарайтын. Қазір үйренісіп кетті. Себебі, соңғы уақытта проблема жастар арасында кең етек жайды. Өкінішке қарай, бүгінде бесіктен белі шықпаған қыздар жүкті болуда.

ҚУАНЫШ ҚОЙШЫҒҰЛ, СҚО штаттан тыс балалар-жасөспірімдер гинекологы:

– Балалар физикалық тұрғыда ерте дамиды. Қазір ер адамдарға 15 жастағы қыздар 20 жастағы қыздай көрінеді.

“Міне, осыдан соң ой-санасы уланған ерлер жап-жас қыздарды төсекке тартады”,- дейді облыстың штаттан тыс балалар-жасөспірімдер гинекологы Қуаныш Қойшығұлов. Бірақ, “құнажын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді” дегенді де ұмытпау керек. Қазір кейбір жасөспірім қыздар “үлкен өмірге” ерте аяқ басуды қалайды екен. Мұның арты сан соқтыруы бек мүмкін. Дәрігер осыны арнайы жиындарда айтып жүреді.

ҚУАНЫШ ҚОЙШЫҒҰЛ, СҚО штаттан тыс балалар-жасөспірімдер гинекологы:

– Ерте жүктілік, психологиялық қысым, суицид және криминалды түсік жайлы айтамыз. Жас кезде сақтану керек. Инфекциядан қорғану керек. Криминалды түсік өлімге әкеліп жатады.

Ойнап жүріп от басу деген осы. Облыстық кітапханада өткен жиында полиция қызметкері де маңызды деректермен бөлісті. Кәмелет жасына толмаған қызбен төсек қатынасына түсу – ауыр қылмыс. Жыл басталғалы қалада мұндай бірнеше факті тіркеліпті.

ЛИДИЯ СУЛТАНГЕЛЬДИНОВА, қалалық ПБ аға учаскелік инспекторы:

– Ағымдағы жылдың басынан бері қаламызда кәмелет жасына толмағандарға қатысты 15 қылмыс тіркелді. Оның жетеуі – жасөспірім қыздармен жыныстық қатынасқа түсу. Бұған зорлау да, келісім бойынша болған қатынас та жатады. Өзекті мәселенің алдын алу үшін түрлі жиындарға қатысып, жастар алдында сөз сөйлеп жүрміз.

Өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі санмен де бөлісейік. Былтыр қалада кәмелет жасына толмағандармен жыныстық қатынасқа түсудің 11 фактісі тіркеліпті.

 

Байболат Култанов