БалаларҚоғам

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас

«Қауіпсіз балалық шақ». Қалалық 8-ші орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде осындай атаумен жиналыс өтті. Тыңдаушы қауым – ата-аналар. Дәріс оқушылар – ювеналды полицейлер мен қалалық әкімдіктен арнайы шақырылған мамандар. Кездесуде баланың тәртібі мен тәрбиесі жайлы айтылды. Ойын баласы ешнәрсеге ұрынып қалмасы үшін не істеу қажет, қандай алдын алу жұмысын жүргізген дұрыс?

ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, қалалық әкімдік жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы:

– Әуелі бала “Жоқ!” деген сөзді білуі керек. Ата-ана баласының қайда жүр, кіммен араласады – сол жағын назарда ұстауы керек. Қазіргі жасөспірімдер әлеуметтік желіде көп отырады. Бала интернетте нені қарап отыр, кіммен жазысып отыр – соған мән беру керек. Бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, бала өзінің құқықтарын да білгені жөн.

Осыны анықтаймын деп арада түсініспеушілік тудырмау керек. “Жақсы ата-ана – баласының қамқоршысы ғана емес, сырласы, досы дейді”,- дейді 2 баланың анасы Сандуғаш Жоламанова. Нәзікжандының кіші қызы 10-шы сыныпта оқиды екен.

САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА:

– Жалпы, менің қызымның мінезі өте ұяң. Ашыла бермейді. Оның көңіл-күйін қызымның көзқарасынан білемін. Әңгімеге тартсаң ашылып сөйлейді. Ата-ана ретінде өзімнің балаларыма сенемін. Біздің арамызда ана мен бала қарым-қатынасынан бөлек достық та бар. Ашық, еркін сөйлесеміз. Осы өмірден сүрінбесін деп бар білгенімді айтып отырамын.

Әке-шеше баланың жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқын жіті білуі керек. Әңгімелескен кезде оның пікірімен санасып отырған жөн. Ата-ана Индира Идрисова осындай пікірде.

ИНДИРА ИДРИСОВА:

– Балалардың кейбірінің ата-анасымен ашық сөйлесе алмайтыны рас. Бұның себебі – ата-ана өз баласына уақыт бөле алмауында деп ойлаймын. Қазір көбісі жұмысбасты. Сол себепті, таңнан кешке дейін дейін қызметінде болса да үйге келгенде бір сәт баламен сырласу керек.

Бұл жиынға 60-қа жуық әке-шеше қатысты. Ата-аналар бала тәрбиесі бойынша пікір алмасып, ой түйді. Мұндай шара өзге де мектептерде өткізіледі.

 

Гульден Симбаева