Қоғам

101 жастағы ардагер батырлар рухына тағзым етті

ҰОС ардагері Валентина Волкодав үшін бүгін ерекше күн. Кеудесіне медальдарын тізген кейуана қазір Мәңгілік алауға беттеп келеді. Жеңіс күнінде Валентина Архиповна көпшілікпен бірге бола алмады. Есесіне бүгін жалғыз өзі батырлар рухына тағзым етпек ниетте.

СВЕТЛАНА ЮЩЕНКО, Валентина Волкодавтың қызы:

– Анам үшін осындай шара ұйымдастырған жандарға рахмет. Ол қарулас жолдастары мен өзге де ардагерлердің рухына тағзым етуді көптен күтті. Бірақ, сәті түспеді. Қан майданда анаммен бірге жүрген жандардың барлығы қайтыс болған. Кейде күрсініп, оларды еске алады.

Майдангерге жүру қиын болғандықтан әскерилер демеп келеді. Бар күш-жігерін жиған Валентина Архиповна бірінші алауға гүл шоқтарын қойды. Кейін тік тұрып, бір минут үнсіздікпен батырларды еске алды. Қария қалалық ардагерлер кеңесіне хабарласып, осындай шара ұйымдастыруды сұрапты. Әрине, бұл өтініш жерде қалмады.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Бұл бізге үлгі боларлық іс. Бұл – біздің намысымыз бен міндетіміз. Бұл кісілер майданда жүрді, соғыстан кейін де қаншама қиыншылық көрді. Соған қарамастан осындай таза ниетімен келіп батырлар рухына тағзым етіп отыр.

Мәңгілік алаудан кейін Валентина Волкодав Жеңіс саябағына да барды. Онда да ардагер ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Валентина Архиповна майданға 41-ші жылдың күзінде аттанып, 45-тің қазанында елге оралған. 1-ші Украин және 1-ші Беларусь шайқасына қатысқан. Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 5 ҰОС ардагерінің көзі тірі.

 

Алдияр Айтпаев