Қоғам

Жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру

Болашақтың кілті, елдің ертеңі – жастар. Сол себепті, жастарымыздың сауатты болуы аса маңызды. Осы мақсатта құқық қорғау органдарының өкілдері өзге де сала мамандары Ұлттық ұлан академиясына жиналды.

ЕЛЕНА СКАКУНОВА, облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі маманы:

– Құқықтық сауаттылық – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Көп адам қиындық туғанда өздерін қорғай алмайды, кімге жүгінерін білмейді. Әсіресе, жастар құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің көмегіне жүгінгісі келмейді. Мәселені өз бетінше шешемін деп опық жеп жатады. Бұл сенімсіздікті көрсетеді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері – тәулік бойы тек халық үшін қызмет ететін жандар. Осыны жастарға түсіндіру – бүгінгі біздің басты мақсатымыз.

Семинарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, колледж студенттері және академия курсанттары қатысты. Жиналған жастар мамандарға өз сұрақтарын жаудырды. Мардымды жауап ала алды.

Сауатты жастарды тәрбиелеу барысында оқу орындары да аянып жатқан жоқ. Мысалы, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде “Саналы ұрпақ” атты клуб құрылған. Белсенді жұмыс істейді. Құрамында 500-ге жуық студент бар екен.

ДИНАРА МӘМБЕТОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі “Саналы ұрпақ” клубының жетекшісі:

– Қазіргі таңда оқу орындарында осындай клубтар ашу өте өзекті. Білім алушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге және заң жобаларымен таныстыруға мүмкіндік береді. Клубтың мақсаты – жауапты, бастамашыл, әлеуметтік құзыретті азамат пен патриоттарды қалыптастыру және дамуы үшін қолайлы жағдай жасау.

Шара барысында жемқорлық тақырыбы да кеңінен қозғалды. Оған бой бермеу тәсілдері айтылды.

 

Аснурия Абдула