Қоғам

СҚО-да биыл мемлекет меншігіне 330 мың гектар жер қайтарылады

Өңірде бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жалғасуда. Өткен жылы шаруашылықтардан пайдаланылмай жатқан 304 мың гектар танап алыныпты. Жоспар 100%-ға орындалған. Биылғы меже – 330 мың гектар. Бүгінге дейін оның 44 мыңы мемлекет меншігіне өткен.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Астанада “Қазақстан Ғарыш Сапары” бар. Сол жерден бізге ғарыштан түсірілген суреттер келеді. Соны талқылаймыз. Аудандармен жұмыс істеймыз. Іске облыстық прокуратура да қатысады. Жер бос жатқанын анықтасақ, істі сотқа береміз. Осылайша жерді қайтарамыз.

Тыңдырылған тірлік пен атқарар ауқымды іс “Жер аманаты” комиссиясының отырысында пысықталды. Жиында мәлім болғандай мемлекет меншігіне қайтарылған жер екі бағытта қолданылады. Қажет болған жайдайда ағайынға жайылым жер ретінде немесе танапты бос қалдырмай тер төгетін шаруашылықтарға беріледі. Тілге тиек ету қажет, жерді қайтару жұмысы Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов аудандарында сылбыр жүргізілуде.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

– Қаңтар мен сәуір айлары аралығындағы жұмыс толық көлемде орындалмады. Жоспар 46 мың гектар болған. Бірақ, бүгінде көрсеткіш 44,3-ті құрады. 7 ауданда жұмыс ойдағыдай жүргізілуде. Айдың аяғына дейін жоспарды толық көлемде орындауға ниеттіміз.

Өткен жылы облыста тексеріс барысында 54 аграрийге ескерту жасалған. Азаматтар бір жыл ішінде жағдайды дұрыстау үшін жерлерін игерулері қажет. Олай болмаған жайдайда 269,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтеді.

 

Алдияр Айтпаев