ЭкологияҚоғам

Мамлютка қаласында “Отбасы” аллеясы ашылды

Мамлютка қаласында “Отбасы” аллеясы ашылды. Салтанатты жиынға аудан орталығы тұрғындарының жас-кәрісі бір адамдай қатысты. Ақ жаулықты әжелер мен жастар әуелі ағаш отырғызды. Іске көпбалалы ана Роза Түлкібаева да білек сыбана кіріскен. Кейуана Мамлютка қаласында 20 жылдан бері тұрады. Жыл өткен сайын елді мекен көркейіп келе жатыр дейді.

РОЗА ТҮЛКІБАЕВА, Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Немерелерім осы жерге келіп, ойнайтын болады. Қаламыз дамып, көркейсін. Бәріне бақыт тілеймін.

Аллея өткен жылы салынған саябақта пайда болды. Барлығы – 20 көшет отырғызылды. Кейін көпшілік жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.

– Көгімізде ашық аспан болсын. Бейбіт заманда өмір сүрейік. Мамлютіміз өркендеп өсіп, дами берсін.
– Қаламызда демалыс орындары бар. Қатты қуаныштымын. Игі іске ат салысып, ағаш отырғыздым.
– Бүгін еккен ағашымыз мәуелі сая болып, отбасылар келіп, демалатын болсын. Бір ағаш болса да еккеніме қуаныштымын.

Қаланы гүлдендіруге мамлюттіктер белсенді түрде ат салысады. Ағайын әр сенбі сайын үйлерінің маңын жинап, айналаны күл-қоқыстан тазартады екен. Сондай-ақ, биыл көпшілік бірлесе 2 мыңнан астам көшет отырғызыпты. Қазіргі таңда қаладағы 13 көшеге жарықшам орнату бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

 

Алдияр Айтпаев