Құқық қорғау органдары

Интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлері

Қазір интернет-алаяқтық деген ұғымнан ат үркеді. Алайда, әлемжеліде алданып, сан соғып жатқандар әлі жетерлік. Ағымдағы жылдың 5 айы өткен жоқ. Ал өңірде 250-ден астам факті тіркеліп үлгерді.

МАДИЯР ХАРИПОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылдың басынан облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 259 фактісі тіркелді. Былтыр 345 факті тіркелді. Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқасында тіркеудің төмендеуі 24,9% құрады. ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес, құқық бұзушылықтың осы түрін жасағаны үшін ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Ал ауыр санаттағы құқық бұзушылық жасалса, 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Статистика көрсеткендей, халық біртіндеп қулардың құрығына түспеуді үйреніп келеді. Осы себепті, пысықайлар алдаудың жаңа түрлерін пайдалануда. Соның бірі – “жалақысы қомақты жұмысқа алу”. Биыл 22 жастағы жігіт «Youtube» бейнехостингінде «Қазмұнайгаз» компаниясының инвестициялық қорынан табыс табу туралы хабарландыруды көзі шалады. Ойланбастан өтініш қалдырған соң оған алаяқтар хабарласады.

МАДИЯР ХАРИПОВ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Есепшотыңызды бізге беріңіз, біз сізді жұмысқа орналастырамыз” деп алдаған. Соңында әлгі адамның атынан 700 мың теңгедей несие алған. Бұл – Петропавлда болған оқиға.

Кей адамдар банктік түбіртектерге немқұрайлы қарап, кез келген жерде қалдыруы мүмкін. “Бұл – үлкен қателік”,- дейді полицейлер. Олардың сөзінше, қазір алаяқтар бір жапырақ қағаздағы сандар арқылы да арам ойларын жүзеге асыратын болған. Айлакерлер – хакерлер, жыланды інінен шығаратын жандар. Психологтар пысықайлармен күресте бойдағы сенімділік маңызды рөл атқарады дейді.

АЯЖАН ӘСКЕРОВА, психолог:

– Қандай жағдай болмасын қорықпау, қызбалыққа салынбау керек. Ақпаратты “суық миға” қабылдаған жөн. Сосын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу керек.

Сөз соңында аз-кем сандармен бөлісейік. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде тіркелген интернет-алаяқтық фактілерінің 70-ке жақыны әшкереленіпті. Яғни, біреудің мүлкін олжалаған 20-дан астам айлакер анықталып, жазаға тартылған.

 

Байболат Култанов