Білім

Елімізде биыл 166 мың түлек ҰБТ тапсырады

Биыл Қазақстанда 172 мың оқушы мектеп бітіреді. Соның 166 мыңы ҰБТ тапсыруға өтінішін білдірген. Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жылына бес рет өткізіледі. Алғашқы екеуі қаңтар мен наурызда өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды.

ҚУАНЫШ ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

– Биылғы ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі – балалар екі тесілеудің бірін алып конкурсқа қатыса алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да арнайы жағдай жасалған. Оларға 40 минут қосымша уақыт беріледі. 2021 жылы 90 бала қатысса былтырдың өзінде 500-ге жуық бала бағын сынап жатыр.

Түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызға жуығы орысша, ал 200-ден астамы ағылшын тілінде сынақ тапсырады. Ең жоғары ұпай – 140. 4 сағат уақыт беріледі. Тестілеу форматына қатысты өзгеріс жоқ, тек тапсырмалар ғана сәл өзгерген.

ҚУАНЫШ ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

– Оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәнінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді. Яғни, Қазақстан тарихының бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады. Оқу сауаттылығына 15 тест сұрағы болады. Тестілеу кезінде ереже бұзған балалардың нәтижелері жойылатын болады.

Биыл ел бойынша 88 мың білім гранты бөлінген. Оның 73 мыңы бакалавриатқа бағытталған. Мамандар оқушылардың көбісі инженерлік-техникалық мамандықтарды таңдайтынын айтады. Гранттардың 60 пайызы дәл осы бағытқа арналған екен. Айта кетейік, биылдан бастап тестілеуге информатика бейінді пән ретінде енгізіледі.

РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

Комбинацияға келетін болсақ, талапкерлердің басым бөлігі, яғни 18 пайызы – математика-физика, 17 пайызы – билогия-химия, 13 пайызы – шығармашылық және 10 пайызы математика-информатиканы таңдап отыр. Жылдағыдай ең аз таңдалатын комбинация химия-физика болып қалып отыр. Оны тек 218 бала таңдаған.

Облысқа келетін болсақ, өңірімізде биыл 3 мыңнан аса бала мектеп бітіреді. 2 мыңнан астамы ҰБТ-ға қатысады.

 

Гульден Симбаева