СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Айдарбек Сапаров қала әкіміне сөгіс жариялады

Облыстық әкімдікте аппараттық отырыс өтті. Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров қатысушы жандарға СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жаңа бастығы Әділет Мұстафинді таныстырды. Кейін кезек күн тәртібіндегі мәселелерге келді. Алғаш қаралған мәселе – өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және жергілікті бюджеттің орындалуы. Бұл жөнінде экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндама жасады. Мінберге шыққан маманнан құлаққа жағымды да, жағымсыз да тұстарды естідік. Өңірде назар аударарлық мәселелер жетерлік. Мәселен, кейбір аудандар көкөніс өсіруге аса құлшыныс танытып отырған жоқ. Жалақының аздығы, өндірістік нысандардың іске қосылмауы, құрылыстың баяу жүргізілуі сынды да күрмеуі күрделі түйткілдер бар. Инвестиция тарту – мемлекет басшысының тапсырмасы. Алайда, алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді. Жылға жоспарланған 496 млрд теңгенің бүгінде бар-жоғы 83 млрд-ы құйылыпты. Жергілікті бюджеттің орындалуы да ақсап тұр.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Допустили неосвоение средств следующие нижестоящие бюджеты: город Петропавловск 331,1 млн тенге, что составило 96 процентов от плана.

Аудандарда да кем-кетік тұстар бар. Облыс әкімі бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке мәселені жеке бақылауына алып, жиын өткізуді тапсырды. Өзге атқамінерлерге де маңызды міндет жүктелді. Аппараттық отырыста қаралған екінші мәселе – өрт қауіпі жоғары кезең мен шомылу маусымына дайындық. Проблема аса маңызға ие. Аққайыңдар өлкесінің жер көлемі кішкентай, халық саны да өзгелеріне қарағанда анағұрлым аз. Дей тұрғанмен, отқа қатысты төтенше жағдайлардың болуы және өлім-жітім бойынша елде алдыңғы орында.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 3 жылдың ішінде өңірде 2180 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 867 млн теңге көлемінде шығын келді. Бұл – тиісті шаруаның толық атқарылмауының белгісі. Өрттің алдын алу жұмысы сылбыр жүргізіліп жатыр деуге негіз бар.

Жұмыстың сылбыр жүргізілуіне бірден-бір дәлел – қамыстың айлап шабылмауы. Салдарынан мамырдың басында Берекеде алапат өрт болды. Тұрғындар үйлерінен, мүліктері мен құжаттарынан айырылды. Мағжан Жұмабаев ауданында да жағдай мәз емес. Жергілікті агроқұрылымдардың бірінде жалын 3 рет бас көтерген. Қасақана от қойылуы мүмкін деген болжам бар. Осы үшін қала мен аудан басшысына Айдарбек Сапаров сөгіс жариялады.
Жиында судағы қауіпсіздік те сөз болды.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– За последние 10 лет в области утонуло 216 человек, из которых 34 дети.

Қайғылы жайттардың дені ішімдік ішкен адамдардың қатысуымен орын алған. Облыс әкімі өрт пен өзен-көлдердегі адам шығынын болдырмау үшін жауапты тұлғаларға алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды. Үшінші мәселе – оқу жылын тәмамдау және балаларды демалыспен қамту. Жаз – тынығумен қатар, алдағы маусымға дайындық кезеңі. Бұл мезгілде білім ұяларында өзгеріс орын алуы тиіс.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Білім басқармасы ағымдағы жылдың 25-ші тамызына дейінгі мерзімде білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін конкурстық рәсімдерді өткізуді бақылауға алуы қажет. Қаржы бөлінді. Сіздер конкурстық рәсімдерді уақытында өткізіп, барлық мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етулеріңіз керек.

Қазір өңір аумағында 14 жазғы лагерь бар. Биыл соның 11-і балаларды қабылдамақ. Айдарбек Сапаров демалыс орындарында тиісті жағдай жасалуы қажеттігін айта келе аудандарға жасаған жұмыс сапары барысында кейбірін өзі тексеретінін тілге тиек етті.

 

Байболат Култанов