Қоғам

Петропавлда қоғамдық көлікпен жүру ақысы көтеріледі

Петропавлда қоғамдық көлікпен жүру ақысы көтеріледі. Енді тұрғындар қатынау үшін 100 теңге төлейді. Бұл – картамен жасалатын төлем. Ал қолма-қол төлесеңіз, қалтадан 170 теңге шығаруға тура келеді. Өзгеріс жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауына байланысты орын алып отыр. Мәселен, 2017 жылы дизель отынының бір литрі 124 теңге болса, қазір 295 теңгені құрайды. Ал қыс мезгілінде көрсеткіш бұдан да артады екен. Қоса кету қажет, шаһарда тариф соңғы рет 2017 жылы көтерілген.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Бізге жолаушы тасымалдаушылар тарифті көтеру бойынша ұсыныспен келді. Бұл сұрақ 2022 жылдың соңынан қарастырылып жатыр. 5 мамырда өткен комиссия отырысында қаралып, барлығы бірауыздан қолдап, 100 теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. 100 теңге ересектер үшін. Бұл егер картамен төлейтін болса. Ал балалар үшін 50 теңге. Егер қолма-қол төлейтін болса, балалар үшін – 85, ересектер үшін 170 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта жолаушы тасымалдаушылардың шығынын қалалық әкімдік субсидиялайды. Бұл жұмыс 2021 жылы қолға алынған.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Баға өскен сайын бұл субсидияның көлемі де өсіп келеді. Мысалы, 2021 жыл біз 707 млн теңге көлемінде субсидия төлесек, 2023 жылы бұл бағытқа 2 млрд 162 млн теңге бағытталып отыр. Айта кету керек, тариф өскенімен біз субсидиялауды жалғастырамыз. Себебі, бұл тарифтің көтерілуінен түсетін ақша жолаушы тасымалдаушылардың бүкіл шығынын толық жаба алмайды.

Бүгінгі таңда тарифті көтеру бойынша жоба ашық үкіметтік емес ұйымдардың сайтында қарастырылып жатыр. Егер бастама жергілікті депутаттар тарапынан қолдау тапса, құжаттар әділет органдарына жіберіледі.

 

Самал Жунусова