Спорт

Өңірде ат жарысының жазғы маусымы ашылды

Сенбі күні бәйге десе ішер асын жерге қояр солтүстікқазақстандықтар «Құлагер» ипподромына жиылды. Мұнда кезекті жазғы ат жарысы маусымының ашылуы өтті. Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірде ат спортының дамуына тоқталды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қазақстанда және өңірде ұлттық спорт түрін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Облыста 800-ден астам балалар қазақ күресімен айналысады. Сонымен қатар, жастар белбеу күрес, көкпар, аударыспақ, теңге алу, жамбы ату, ат жарысы сияқты спорт түрлеріне тартылады. Кәсіби спортшылар “Тұлпар” және “Арғымақ” ұлттық ат спорты клубтарында дайындалады. Бұл клубтар спортшыларымызға кәсіби деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік беруда. Нәтижесінде жақсы нәтижелер тіркеліп жатыр. Жазғы ат жарысы маусымын ашық деп жариялаймын!

Ұшқыр аттардың үстінде бозбала мен бойжеткен отыр. Ұлттық киім киген жастар, ұлттық дәстүр дәріптелуде. Қалың жұрт назарына «Қыз қуу» ойыны көрсетілді. Ойын шарты бойынша жігіт бойжеткенді қуып жетіп, бетінен сүйеді. Ал қыз қуып жетсе жігітті қамшының астына алады.

Ауқымды шараға облысымыздың 13 ауданынан келген ат құлағында ойнайтын 65 шабандоз қатысты. Дүбірлі додада көрерменнің делебесін қоздырған 9 бәйге ұйымдастырылды.

РАМАЗАН МАХАТОВ, жарыстың төрешісі:

– Екі күн болды жарыс басталғалы. Кеше көкпардан жарыс өтті. Жасөспірімдер арасында. Яғни, 16-18 жас аралығындағы балалар. Керемет өнер көрсетті. Аударыспақ жарысы да өтті. Бүгін міне бәйге болып жатыр. Әр ауданнан 2-3 ат әкелінді. Осы жарыста жеңімпаздарды іріктейміз. Жеңімпаздар республикалық сайысқа баратын болады.

Әне-міне дегенше ең қызықты сайыс басталды. Жүйрігін арбаға жеккен шабандоздар 1600 метрде бақтарын сынауда. Барлығы – 3 қатысушы көз ілеспес жылдамдықпен келе жатыр. Бәсі биік бәсекеде Абдуали Нұрметовтың бағы жанды. Азаматтың ат үстінде жүргеніне 50 жыл болыпты.

АБДУАЛИ НҰРМЕТОВ, жарысқа қатысушы:

– Сайыс өте тартысты өтті. Маған ұнады. Алған әсерім керемет. Өзім зейнеткермін. Спортпен айнылысуға күш-қуатым жетеді. Тұлпарыма мінбесем жаным жай таппайды әрі бұл денсаулыққа пайдалы.

Келген көрерменнің қарасы қалың. Қызықты да тартысты жарыстан мол әсер алды. Ойларын ортаға салды.

– Сайыс жақсы өтіп жатыр. Қыз қуу, бәйге. 0:24 Осылай қазақтың дәстүрін жалғастырып жатқанына өте қуаныштымын.
– Жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Шабандоздарға сәттілік тілеймін. Мықтылар жеңсін. Елімізде ұлттық спортты көтеру керек.
– Бүгінгі жарыста біздің Жамбыл ауданының баласы да шапты. Екінші келді. Бірінші орынға кішкене жетпей қалды.

Келесі кезекте – құнан бәйге. Ортаға 3 жасар құнандар шықты. Сөре мен мәренің қашықтығы – 7 шақырым. 4 айналым жасайды. Дараланған 7 сәйгүлік шаба жөнелді. Жиналған қауым сол мезетте орнынан атып тұрды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың кім екендігі бәріне де қызық. «Сәйгүлік» әні де кең далада шырқалып тұр. Ауыздығымен арпалысқан құнандар мәреге жақындап қалды. Бар қызық енді басталды. 3 айналым бойы алда болған жүйрікті соңғы сәтте Мейрамғали Дінислам тізгіндеген тұлпар басып озды.

МЕЙРАМҒАЛИ ДІНИСЛАМ, жарысқа қатысушы:

– Жасым 14-ке толды. 2 жыл айналысып жүрмін. Өз үйімде 6 атым бар. Барлығын жақсы көремін. Аттарға 3 мезгіл шөп, су, жемін беремін. Жылқыға мінуді әкем үйретті. Мен бірінші орын алатынымды білдім. Ұтқаныма қуаныштымын.

Айта кету қажет, бұл жарыста оза шапқан шабандоздар мен жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға медаль, кубок және грамоталар берілді.

 

Аснурия Абдула