Қоғам

Мамандар өрт датчиктерін тегін орнатты

Өңірде жер үйлерде жыл басынан бері 25 өрт тіркелген. Көбісі оттың тұтанғанын байқамай қалып жатады. Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында ТЖБ мамандары өрт датчиктерін тегін орнатып жүр. Бұл мүмкіндікті әлеуметтік осал топтағы жандар пайдалана алады.

Мамандар бұл жолы Иван Сазикиннің үйіне бас сұқты. Жазда немерелері келеді. Алаңсыз жүру үшін баспанаға дабыл қаққыш орнатып беруді сұраған.

ИВАН САЗИКИН, қала тұрғыны:

– Ну, большое спасибо, поставили. Пищать будет при угарном газе. Запикает, разбудит.

Мұндай рейдтерді құтқарушылар жиі өткізеді. Жер үйлердегі пештің жағдайын қарайды, тұрғындарға кәсіби кеңестерін береді.

САЯН АХМЕТЖАНОВ, қалалық ТЖБ аға инженері:

– Біз азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреміз, өрт датчигін орнатуға кеңес береміз. Өйткені, оның дыбысы қатты, түтін сезілген жағдайда шырт ұйқыда жатқан адамды оятып жібереді. Сондай-ақ, мұржадағы тартпаға саңылау жасау қажеттігін айтамыз. Тартпада саңылау болса, пеште от қалған жағдайда түтін бері қарай емес, сыртқа шығады.

Өрт сөндірушілер биыл жер үйлерде 250 датчик орнатқан. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.