Қоғам

Қызылжар ауданында округ әкімінің сайлауы өтті

Таңғы сағат 7. Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Архангельское ауылындағы 258-ші сайлау учаскесі. Мұнда округ әкімдігінен өз еркімен бас тартқан жанның орнына жаңа әкім сайланып жатыр. Екі сағаттың ішінде тұрғындардың 25 пайызы, яғни 102 адам өз таңдауын жасады.

СЕРГЕЙ ГРЕНАДЁРОВ, №258 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы, Қызылжар ауданы:

– Біздің учаскеде 524 дауыс беруші тіркелген. Тұрғындар белсенді. Комиссия құрамында 5 адам бар. Бәрі – тәжірибелі мамандар, үйлесімді жұмыс істеуде.

Ауылдық округ әкімінің сайлауына өз бағдарламасын әзірлеген 3 кандидат қатысып жатыр. Қайсысы әкім болады? Тұрғындар содан зор үміт күтеді. Өз таңдауын жасаған Ажар Сұлтанованың айтуынша ауылда шешуді қажет ететін мәселе баршылық.

АЖАР СҰЛТАНОВА, Архангельское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ең басты мәселе – ауыз су. Қалаға жақын тұрсақ та онда апарар көлік жоқ. Жол мәселесі де бар. Әрине, бұл әр азаматтың санасына байланысты. Еліне, Отанына деген сүйіспеншілігіне байланысты. Елінің болашағын ойлайтын әр азамат, сайлауға келіп дауыс береді деп ойлаймын.

Ольга Эрнст ауылдасының пікірімен келісіп отыр. Қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы қиындық туғызуда.

ОЛЬГА ЭРНСТ, Архангельское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қоғамдық көлік жүрмейді. Студенттерге қалаға жету қиын болып тұр. Құны қымбат болса да такси жалдауға тура келеді. Дәрі-дәрмек алу үшін күнде Бескөлге барамыз. Оған да такси жалдаймыз.

Айта кетейік, Қызылжар ауданындағы тағы бір сайлау учаскесі Новокаменка ауылында орналасқан. Жалпы, екі учаскеде халықтың 75,6% дауыс берді. Сайлаудың қорытынды белгілі. Ең көп дауыс жинаған – “AMANAT” партиясынан ұсынылған Лилия Русина. Оған округ тұрғындарының 73,6 пайызы дауыс берді.

 

Самал Жунусова