Ауыл шаруашылығы

СҚО-да жоспарланған егістік жердің 15,3%-ына дән себілді

Солтүстік Қазақстан облысында күннен-күнге көктемгі дала жұмыстары қарқын алып келеді. Тынымсыз тер төгудің нәтижесінде шаруалар біраз істің басын қайырып үлгерді. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев мәлім етті.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда көктемгі егіс 657,8 мың гектарды немесе 15,3% құрады, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 433,5 мың га, майлы дақылдар – 177,6 мың га, картоп – 7,6 мың га, көкөністер – 0,8 мың га, жылдық шөптер – 30,1 мың га, көпжылдық шөптер – 3,7 мың га, сүрлем дақылдары – 4,6 мың га.

Жоспар бойынша осы көктемде шаруалар 4,5 млн га танапқа ырыс дәнін сіңіру қажет. Оның 3,2 млн-ы – дәнді дақылдар. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы өлкеде қарақұмық алқабы – 3, ал көкөністерге тиесілі жер көлемі 2 есеге ұлғайтылыпты. Саланы мемлекет қолдауынсыз елестету мүмкін емес. Биыл да секторға қомақты қаржы бөлінген.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– 2023 жылы субсидиялар түріндегі мемлекеттік қолдау 63,1 млрд теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға – 19,6 млрд теңге, мал шаруашылығы – 9,6 млрд теңге, басқа бағыттарға – 33,9 млрд теңге.

Баспасөз мәслихатында өңірдің бас синоптигі Қымбат Мерғалымова да бой көрсетті. Ол диқандарымыз күн-түн демей ойлайтын ауа райына қатысты болжаммен бөлісті. Сөзінше, өлкемізде жоғары температура бірнеше күн сақталады.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

– Бірақ, онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде +3+8°С-қа дейін, ал күндіз +17+22°С-ге дейін төмендейді. Жауын-шашын орташа сипатта. Бір айда түсетін жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, кей жерлерде нормадан артық болады деп күтілуде (норма: 25-39 мм).

Жаз да құбылмалы болмақ. Қымбат Мерғалымова бірнеше күн ыстық тұрса, кейн бірнеше күн жылы немесе салқын болатынын айтады. Ал жауын-шашын мөлшері норманы құрайды.

 

Байболат Култанов