Аптадағы маңызды жаңалықтарБілім

Өңірге Мәжіліс депутаттары келді

Өңірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді. Халық қалаулылары шағын жинақты мектептерді аралады. Өткір тұрған мәселелер қаралды. Елордалық меймандар бірінші Мамлют ауданындағы Воскресеновка орта мектебінде болды. Қазіргі таңда мұнда 130 бала білім алады. Оларға 27 мұғалім сабақ береді. Кабинеттердің барлығы дерлік компьютерлермен жабдықталған. Бірақ, әлі де техникалық тегеурінді арттыру қажет.

Мектепте бала саны да аз. Бұл мәселені де мұғалімдер депутаттармен кездесу барысында алға тартты.

Мектепке жергілікті демеушілер айтарлықтай қолдау көрсетеді екен. Шаруа қожалықтары өз жұмысшылары мен пайшыларының ұл-қыздарын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Оқу ұясында балалар работотехникамен айналысады. Ол үшін қажеттінің бәрі бар. Мекемені аралағаннан кейін депутаттарға мұғалімдер толғандырған сұрақтарын қойды. Мектеп директоры Инна Могунова кадр мәселесіне тоқталды.

ИННА МОГУНОВА, Воскресеновка орта мектебінің директоры, Мамлют ауданы:

– Бір кездері мұғалімдер химия мен биологияны қатар алып, сабақ беріп жүрді. Ал қазір тек бір пәннен ғана білім бере алады. Физика пәнінің мұғаліміне 8 сағат қана беріледі. Әрине, ондай маман жақын маңдағы ауылдарға барып сабақ беруге мәжбүр. Бұрынғы жүйені қайтару бойынша жұмыстар жүргізілсе дейміз.

Бұл өтінішті депутаттар түртіп алды. Алдағы уақытта осы жөнінде оқу-ағарту министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізілмек. Кейін көпшілік Афонькино орта мектебіне барды. 2021-2022 жылдары мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қасбеті мен терезесі және шатыры жаңарған. Іші де айтарлықтай жақсарыпты. Жайлы жағдай жасалған оқу ұясында бала саны аз. Небары 62 оқушы бар. Оның екеуі – бітіруші түлектер. Жалпы, бұл мәселе Мамлют ауданында өткір тұр.

НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бала санының аздығын өз көзімізбен көрдік. Оларға қандай жағдай жасалғандығын да бағамдадық. Техникалық қызметшілер мен кітапханашылардың жалақысы жұмыстарына сәйкес келмейді. Олардың жалақысын көтеру керек. Министрліктер мен әкімдіктердің баяндамаларына ғана сүйенбейміз. Ағайынмен тілдесіп, мәселелердің жай-жапсарын өз ауыздарынан естуді жөн көрдік.

Теріскейдегі тіл мәселесіне еліміздің белді спортшысы, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров тоқталды.

АРДАҚ НАЗАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Орыс тілді мектептер. Тарихқа, қазақ тіліне басымдық беру қажет. Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілі кенжелеп қалмауы керек. Бұл өңірге жан-жақтан өздеріміздің қаракөздерімізді тарту керек. Осы жақта оқытып, білім беру қажет. Адам санын көбейту қажет.

Жалпы, депутаттар үш топқа бөлініп, Мамлюттен өзге де аудандарда болды.

 

Алдияр Айтпаев