БілімБалалар

“Менің мектебім буллингке қарсы” атты флешмоб өтті

“Менің мектебім буллингке қарсы”. Қалалық №42 орта мектебінде осындай атаумен акция өтті. Шараға жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Білім алушылар қолдарына жазулары бар плакат пен шар ұстаған. Осылай буллингке деген қарсылықтарын білдірді. Сонымен қатар, мектеп алаңында арнайы дайындаған билерін биледі.

Буллинг бала болашағына балта шабады. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан бар. Қазір тіпті жиілеп кетті десек артық айтпағанымыз болар. Осы мәселенің алдын алу үшін мектеп ұжымы белсенді жұмыс істеуде. Мектеп директоры Бекайдар Шалахаев мұғалімдердің атқаратын міндеттерін жіпке тізді.

БЕКАЙДАР ШАЛАХАЕВ, қалалық №42 орта мектебінің директоры:

– Біз мұғалімдер оқушыларды мектепке келгенінен бастап жіті қадағалаймыз. Оқушы қандай көңіл-күймен келді, сабаққа деген ынтасын, әлеуметтік және психологиялық жағдайын қадағалаймыз. Олардың жан-жақты білім алуы мен тәрибиеленуіне өз әсерімізді тигізіп жатырмыз.

Білім ошағында барлығы – 742 оқушы білім алуда. Соның бірі – Мерей Серікпай
8-сынып оқушысы балалар арасында буллинг болмауы үшін адам мейірімділікке жақын болуы керек дейді.

МЕРЕЙ СЕРІКПАЙ, оқушы:

– Біздің сыныпта ешқашан буллинг болмаған. Осы мектепте 1-ші сыныптан бастан оқимын. Менің сыныбымда барлығы мейірімді. Бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Ұрсыспаймыз. Маған бәрі дос. Сыйлаймыз.

Осы орайда ата-ана мен ұстаз байланысы аса маңызды. Екі жақтың өзара қатынасы нәтижесінде саналы ұрпақ тәрбиеленеді.

БЕКАЙДАР ШАЛАХАЕВ, қалалық №42 орта мектебінің директоры:

– Менің ойымша, педагог маманы тек қана баланың емес, әрбір жанұяның материалдық және әлеуметтік жағдайымен таныс болуы керек. Психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсетіп, көмекке келетін маман. Бүгінгі біздің мақсат – флешмоб билеп, жақсы өнер көрсету емес. Ең біріншіден, ата-аналарға, ұстаздарға, оқушыларға, буллингтің зиянын түсіндіру. Балалар бір үйдің баласындай болса ғана үлкен тәлім-тәрбие мен білім алатындығын жеткізу.

Шараға барлығы – 230 оқушы қатысты. “Менің мектебім буллингке қарсы” акциясы республикамыздың барлық мектептерінде өтуде.

 

Аснурия Абдула