Қоғам

Мамырдың 20-сы – Дүниежүзілік метрология күні

Биыл Қазақстан метрологиясына 100 жыл толады. Бұл – адам баласы үшін аса маңызды ғылымдардың бірі. Мөлшерді анықтау, нысанның қаншалықты алыс орналасқаны – мұның бәрін метрология мамандары зерттейді. Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының филиалында өлшеу құралдарына арналған шағын көрме ұйымдастырылды. Мұнда бұрынғы кезде қолданылған өлшеу жабдықтары паш етілді. Соның бірі – мына көне таразы. Оның көмегімен базардағы сүт өнімдерінің салмағы өлшеніпті. Өзі 1845 жылы жасалған.

МҰРАТ ТІЛЕУЖАНОВ, “Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы” АҚ СҚФ бөлім басшысы:

– Бұл дүниелерді әр жерден жинағанбыз. Мына таразы 1845 жылы дайындалған. Ал мына таразы 1903 жылы шығарылған. Біз үйдің есептегішін, дүкендегі таразыларды тексереміз. Дұрыс көрсете ме, жоқ па екенін анықтаймыз.

Бір қызығы, жасалғанына бірнеше ондаған жыл өтсе де ескі таразылар әлі де жұмыс істеу қабілетін жоғалтпаған. Сапа деп осыны айт. Заман өзгерген сайын технологиялар да даму үстінде. Қазір метрологтар электронды дүниелерге сүйенеді.
Осы орталықтың филиалында барлығы – 15 маман жұмыс істейді. Олар бір жылда 10 мыңнан астам құрал-жабдықты тексереді екен.
Айта кетейік, бұл сала өңірімізде 90-шы жылдары дами бастаған. Себебі, еліміз өзге мемлекеттердің 70-тен астам ұйымымен келісімге келіп, жобаларды жүзеге асыруға уағдаласқан.

ВАДИМ МАРШАКОВ, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Елімізде алғашқы метрологиялық мекеме 1923 жылы Семейде ашылған. Қазіргі уақытта республикадағы кәсіпорындарда 10 мыңнан астам метролог жұмыс істейді. Бүгінде ұлттық эталондық база 104 бірлік эталондық жабдықтан тұрады. Оның 50-і -мемлекеттік, ал 54-і жұмыс эталоны болып саналады.

Айта кетейік, өңірімізде бүгінде мыңға жуық метролог жұмыс істейді.

 

Гульден Симбаева