Қоғам

Зираттар қоқыстан тазартылды

Қала тұрғыны Татьяна Новоселова 2020-шы жылы – әкесін, ал 21-де анасын жер қойнына тапсырды. Содан бері Новопавловка кентіндегі зиратқа жиі келетін болған. “Әр келген сайын көңілім құлазиды”,- дейді азаматша. Біріншіден, бағып-қаққан ата-анасы еске түседі, екіншіден, жан-жақта шашылған қоқыс көзге оттай басылады екен.

ТАТЬЯНА НОВОСЕЛОВА, қала тұрғыны:

– Мұндағы қоқысты бір күннің ішінде шығару мүмкін емес. Жан-жақта қалдықтар жатыр. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Бұны әруақтарды қорлау деп білемін. Ата-анамның басына жиі келетінім де сондықтан.

Мәселе шешімін табуы тиіс. Новопавловка кентіндегі зират қазір жабық болғандықтан, ешбір ұйым қызмет көрсетпейді. Демек, жауапкершілік жүгі автоматты түрде әкімдікке артылады. Бұл ретте жергілікті билік бейтарап позициясын ұстанбады. Жауапты сала өкілдері “Таза бейсенбілік” акциясын ұйымдастырып отыр.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Петропавл қаласында орналасқан зираттардан қоқыс шығарылып жатыр. Іске 15-тен астам техника тартылды. “Таза бейсенбілік” акциясы жайлы тұрғындарға алдын ала хабарладық. Келушілер бар.

Жер-жерде шашылған қоқыс қайдан келген? Көп жағдайда тұрғындар өздері әкелген қалдықтарды қайта шығармайды. Шығарса да зиратты қоршай қазылған санитарлық арыққа тастай салады. Саяжайшылардың да кінәсі бар. Олар өздерінің қоқыстарын осында лақтырып, жүре береді екен. Тазалық шаралары мәселені түпкілікті шешпейтіні анық. Зираттарға қызмет көрсететін ұйым қажет.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жұмысшы кентіндегі ескі зират пен біз тұрған Новопавловка кентіндегі зират жабық. Бұларға қызмет көрсету бойынша қалалық әкімдік конкурс жарияламақ.

Конкурс нәтижесі шыққанға дейін осындай тазалық акциялары ұйымдастырылып тұрмақ.

 

Байболат Култанов