Спорт

Жас каратешілер ел чемпионатынан жүлдемен оралды

Мамырдың 5-і мен 7-і аралығында Қызылорда облысында мейбукан годзю-рю карате-додан ҚР чемпионаты өтті. Өңірімізден 5 спортшы бақ сынады. Соның бірі – Диана Донская.

Жеткіншектің каратемен айналысып жүргеніне – 6 жыл. Додада жас спортшы 50 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Қарсыластарына лайықты қарсылық танытып, 3 кездесуде де жеңіске жеткен. Жасына қарамастан ҚР чемпионы атанды. Оқушы тек каратемен айналысып қана қоймай, волейболмен де шұғылданады. Жалпы, 40-тан астам медалі бар.

ДИАНА ДОНСКАЯ, каратеден ҚР чемпионатының жеңімпазы:

– Өзім спортқа жақынмын. Каратемен айналысып жүргеніме көп болды. Қазақстан чемпионатының финалында Ақтөбе қаласынан келген қызбен шықтым. Оның техникасы осал болды. Мен оны шапшаңдығыммен жеңіп кеттім.

Ал, 6 жасар Мирон Колтуновтың каратеге ден қойғанына 2 жарым жыл болыпты.
Бұған дейін біраз жарысқа қатысқан. Мирон Қызылордада өткен чемпионатта 25 келі салмақ дәрежесінде күміс және қола медаль иегері атанды.

МИРОН КОЛТУНОВ, каратеден ҚР чемпионатының жүлдегері:

– Каратемен өз-өзімді қорғау үшін шұғылданамын. Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым мықты екен. Шамалы қобалжыдым. Дегенмен, олардан басым түстім.

Дүбірлі додада өнір намысын қорғаған 5 спортшының бесеуі де жүлдемен оралды. Қоржын 4 алтын, 6 күміс және 4 қоламен толықты. Спортшылар түрлі бағытта өнер көрсетті.

ЕВГЕНИЙ МАКСИМОВ, СҚО бойынша мейбукан годзю-рю карате-до федерациясының президенті:

– Ел чемпионатына 500-ден аса ұл-қыз қатысты. Балалар кумите ирикуми-дзю, кобудо, ката және шобу-кумитеден бақ сынады. Түрлі бағыт болғаннан кейін балаларды күнделікті дайындадық. Нәтижесі қуантарлық. Алда әлі талай жарыс бар.

Республикалық чемпионатта жүлделі орын алғандар маусым айында Ресейде өтетін халықаралық турнирде бақ сынайды.

 

Гульден Симбаева