Экология

Облыс орталығында “Таза орман” акциясы өтті

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– Бұл Мещан орманы. Мұнда тұрғындар жиі келіп, уақыт өткізеді. Алайда, олардан қалатын қалдықтар жергілікті жердің сәнін бұзуда. Бүгін өңіріміздің белсенді жастары мына қалдықтарды жинау үшін жиналып отыр.

Жастар белсенді. Ұйымдастырылған шара да ерекше. Жастар қоқысты жүгіріп жүріп жинауы керек. Кім қоқысты көп жинайды, сол ең еңбекқор әрі жеңімпаз. Сыйлық беріледі. Мещан орманы – қаланың көркі. Мұнда сая да бар, сұлулыққа да көз тояды. Бір өкініштісі, осы сұлулықпен бірге жағаласып қоқыс жатыр. Аяқ алып жүргісіз. Қоқыстың көптігін көріп үлгілі жастар жағаларын ұстады.

– Біз М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенттеріміз. Тазалық шарасына қатысып жатырмыз. Колледжімізден көп адам жиналды. Мұнда қоқыс өте көп.

– Тұрғындарға айтарымыз, орманға келіп, қоқыс шашпау керек. Бір отырыстардан кейін орындарын жинап кету керек. Біз қазір жинап жатырмыз, өте көп қоқыс. Өзім осындай шараларға жиі қатысамын.

– Көріп тұрғандарыңыздай, мына жерде адамдар темір қадап кеткен. Соны ала алмай әлек болып жатырмын. Табиғат аясында демалатын тұрғындарға айтарым, орманды ластамаңыздаршы.

Бөтелке, пакет, көліктің дөңгелегі. Шашылған қағаз-пластикте есеп жоқ.
Бұл бір күнде жиналып болмас. Дегенмен, жастар әрекет етіп жатыр.
Көкірегі ояу, көзі ашық болашақ мамандар қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады. Тазалық – денсаулық кепілі. Тазалыққа шақырған игі шараны ұйымдастырушылардың бірі – “Eko Time” қоғамдық бірлестігі.

ВИТАЛИЙ ШЕМИНГ, “Eko Time” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Акцияны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен жыл сайын өткіземіз. Оған облыс орталығындағы барлық колледж студенттері қатысады. Конкурстың шарты бойынша ең көп қоқыс жинағандар бағалы сыйлыққа ие болады.

“Таза орман” акциясына 80-ге жуық студент қатысты. Барлығы бірігіп 1 тоннаға жуық қоқыс жинады. Кәсіптік-педагогикалық колледж студенттері үздік деп танылды. Олар 400 келіден астам қоқыс терген.

 

Самал Жунусова